Халықаралық ауыр атлетика федерацияның шешімінсіз ешкімнің де спортшыларға баға беруге құқы жоқ. Қазақстандық зілтеміршілерге қатысты допингтік дау жөнінде Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы осылай мәлім етті.
Министрдің айтуынша, қазақстандық төрт атлетшінің халықаралық жарыстардан шеттетілуі уақытша шара. Ал түпкілікті шешім Халықаралық олимпиада комттетінің қорытындысынан кейін ғана қабылданатын болады. «Бекітілген ережелерге сәйкес, тек спортшының өзі ғана Халықаралық олимпиада комитетінің шешіміне шағымдана алады. Қазіргі күні біздің спортшыларымыз алдын ала талдауларды зерттеп жатыр, біз де өз тарапымыздан оларға барынша заңгерлік әрі моральдық қолдау көрсетіп келеміз. Ең бастысы спортшылар өздерін қорғауға қатысты ұсынатын барлық аспектілер есепке алынатын болады.
Жалпы спортшыларымыз шешімді өздерінің пайдасына жасалғанын қалайды, әрине. Өздеріңіз білесіздер жақында Қазақстан чемпионаты өтті, онда осы допинг-дауға іліккен зілтеміршілердің барлығы қатысты. Олардың жұмысын ешкім де шектеуге құқығы жоқ әрі олар қазіргі күні уақытша ғана шеттетілді. Комитеттің шешімінен соң Халықаралық ауыр атлетика федерациясы да шешім қабылдайды, содан кейін ғана біз қай спортшы қанша мерзімге шеттетілгенін айта аламыз», деді Сенаттың жалпы отырысынан соң журналистерге берген сұхбатында Мәдениет және спорт министрі.
Еске сала кетейік, Халықаралық ауыр атлетика федерациясының хабарламасына сәйкес, қазақстандық ауыр атлеттер Илья Ильин, Майя Манеза, Светлана Подобедова мен Зүлфия Чиншанло спорттық қызметінен уақытша шеттетілді. Оларда Лондон Олимпиадасы кезінде алынған допинг-сынамаларды қайта сараптау кезінде тыйым салынған заттардың болғаны анықталған.
Бүкіләлемдік допингке қарсы агенттік Кодексінің 2.1 бабына сәйкес спортшы өзінің ағзасына түсетін әр зат үшін жауап береді. 13 бапқа сәйкес спортшы оған қатысты қабылданған әр шешімге шағымдана алады.