Ақтөбедегі терактіге қатысқандардың барлығы ұсталып, көздері жойылды. Бұл туралы бүгін халық алдында есеп берген ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов мәлімдеді.
«5 маусымда біз Ақтөбеде діни экстремизм мен лаңкестікке тап болдық. Өкінішке қарай, Ұлттық ұланның 3 әскери қызметшісі мен 5 бейбіт тұрғын қаза тапты. 7 әскери қызметші мен 12 полицей жарақат алды. Қазіргі уақытта терактіге қатысқандардың барлығы ұсталды және кейбірінің көздері жойылды. Тергеу жүргізілуде», - деп атап өтті ол.
Министр сондай-ақ, қаладағы жағдайдың тұрақталғанын жеткізді.
«Лаңкестіктің «қызыл» қаупі алынып тасталды және ол «сарыға» ауысты. Барлық мекемелер қалыпты жұмысына кірісті. Кеше құқық қорғау органдарының күшейтілген қызмет режимі алынып тасталды», - дейді Қ.Қасымов.
Ішкі істер министрінің сөзі бойынша, қазіргі кезде басқа өңірлерден жеткізілген күштік құрылымдар өз үйлеріне қайтарылған.
Дереккөз: inform.kz