Оралда дәстүрлі емес діни сектаның 17 мүшесі ұсталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оралда дәстүрлі емес діни сектаның 17 мүшесі ұсталды

10.06.2016
Оралда дәстүрлі емес діни сектаның 17 мүшесі ұсталды

Батыс Қазақстан облысында исламның дәстүрлі емес ағымын қолдаушылар іске асырмақшы болған ірі қақтығыстың алды алынды. Бұл туралы терроризммен күрес жөніндегі облыстық штаб өкілдері мәлім етті.

Хабарламаға сәйкес, БҚО бойынша ҰҚК департаменті БҚО ІІД бірлесе отырып, исламның дәстүрлі емес ағымдарының бірін жақтарушыларға қатысты жедел мәліметті тексерді. Атап айтқанда, олар Атырау облысының 1994 жылы туған діндесіне белгісіз біреулер тартып алған көлігін қайтарып беруге қолдау көрсетпекші болған.

Хабарламада айтылғандай, алдын ала жүргізілген жедел-іздестіру шаралары барысында көлікті діни емес ортаға жататын адамдардың заңсыз иеленгені расталды.

«Ықтимал жағымсыз салдарды болдырмау мақсатында, 17 адам анықталып, олар 10 маусым күні сағат 02:00-де жанжалдасушы тараппен кездесу үшін Асан кентіне аттанбақшы болып «Бәйтерек» базары маңында топтасып тұрған жерінде ұсталды. Көліктерді тінту кезінде 5 сойыл және 1 арматура алынды», – делінген терроризммен күрес жөніндегі штабтың хабарламасында.

Ұсталған адамдар Орал қаласы ІІД жеткізіліп, бастапқы тергеу шаралары жүргізілуде. Тексерудің қорытындысы туралы штаб өкілдері қосымша мәлімдейтін болды. 

 «www.bnews.kz»

 

Хабарламаларға жазылу