Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин «өзге елдердің ауғамында террорлық әрекетке қатысқан азаматтарды азаматтығынан айыру туралы» бастаманы ел басшылығына жеткізгенін хабарлады.
«Осындай бастаманы ел басшылығына жеткіздік, енді осы талапты қолдаймыз ба, жоқ па деген шешім қабылданады», - деді Ғалым Шойкин «Эксперт» пікірталас клубының отырысынан соң журналистердің сұрағына жауап бере отырып. Оның айтуынша, бұл бастама 5 маусым күнгі Ақтөбедегі қайғылы оқиғалардан соң қайта өзектенген.
Бұл мәселе жайлы «ҚазАқпарат» өткен жылдың соңында жазған еді. Сол кезде Ғалым Шойкин бірқатар елдер терроризм мен экстремизмге қарсы заңнамаларын жетілдіре отырып, өз заңдарына теріс діни ағымға еріп, басқа елде террорлық әрекетке барған, болмаса, соғысып жүрген адамдарды сырттай азаматтығынын айыру туралы норманы енгізгендігін хабарлаған еді.
«Мысалы, Әзербайжан мемлекеті жуырда ғана азаматтық туралы заңға өзгерістер енгізе отырып, террорлық әрекеттерге қатысу үшін басқа елдерге кеткен азаматтарын Әзербайжан азаматтығынан айыру туралы шешім қабылдады. Көптеген елдер терроризм туралы заңнамалық актілерге осы өзгерістерді енгізу туралы шешім қабылдауда. Біз бұл тәжірибені зерделеп жатырмыз», - деген комитет төрағасы осындай өзгеріс бір жағынан зиянын тигізуі мүмкін екенін атап өткен болатын.
«Азаматтықтан айырудың теріс салдары болуы мүмкін. Себебі, біз теріс діни ағымға еріп, шетелге кеткен азаматтарды азаматтығынан айырсақ, ол енді Қазақстан Республикасының заңдарына бағынбайтын адам болып шыға келеді. Ол, тіпті, өзге елдің азаматтығын алып алып, Қазақстанға қонақ ретінде келсе, біз оған заң тұрғысынан жаза қолдана алмаймыз. Сондықтан, қазір біз террорлық және экстремистік бағытта ел асып кеткен қазақстандықтарды азаматтығынан айырмай, төлқұжаттарын жарамсыз ету мәселесін қарастырып жатырмыз», - деген Ғ.Шойкин өткен жылдың соңында.