«Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы 42 мың жас ауылдарда жұмыс істеуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы 42 мың жас ауылдарда жұмыс істеуде

10.06.2016
«Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы 42 мың жас ауылдарда жұмыс істеуде

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы 42 мың жас ауылдық жерлерде жұмыс істеуде. Бұл туралы бүгін ҚР Білім және ғылым министрлігінің Жастар саясаты департаменті директорының орынбасары Ернат Мұхамәдиев айтты.

«Қазірі уақытта жастарды жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы  арқылы 76 мың жас маман тұрақты жұмысқа орналасуға жіберіліп, оның 45 мыңы тұрақты жұмысқа орналасып отыр. Сонымен қатар «Дипломмен ауылға» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Осы бағдарлама аясында 42 мың жас маман ауылдық жерде және агроөнеркәсіп кешендерінде жұмыс істеуде», - деді ол.

Е.Мұхамәдиевтің айтуынша, бүгінгі күні жалпы Қазақстан халқының 25 пайызын жастар құрап отыр. Сол себепті 2012 жылы барлық өңірлерде әкімдіктер жанынан жастар мәселелері жөніндегі басқармалар құрылған. Ал олардың жанынан 215 жастар ресурстық орталықтары жұмыс істеуде. Оларда  1500 жас маман қызмет атқаруда.

«Аталған орталықтар құрылғаннан бері жастардың 2 миллонға жуық сауалына жауап берді. Мұнан бөлек, әкімдіктер жанында жастар кеңесі жұмыс істеуде. Осы уақытқа дейін 400 кеңес өтіп, 900-ге жуық ұсыныстар мен негізгі тапсырмалар алынды», - деді директордың орынбасары.

 Айта кетерлігі, елімізде жастар саясаты саласында жүзеге асырылып жатқан іс-шаралардың арқасында Қазақстан жастарды дамытудың жаһандық индексінде 170 елдің ішінде 27-ші орынға тұрақтады.

Хабарламаларға жазылу