Қазақстан Республикасы Террорға қарсы орталығы Ақтөбе облыстық терроризммен күрес жөніндегі жедел штаб күштері іздеудегі қылмыскерлер тобы ауыздықталғанын хабарлады.
Жедел іздеу шаралары нәтижесінде лаңкестердің орналасқан орны (Некрасов көшесіндегі тұрғын үйдегі пәтер) анықталды.
ҰҚК мен ІІМ арнайы мақсаттағы бөлімшелері лаңкестер орналасқан пәтерді қоршап, оқшаулады. Қауіпсіздік шараларын сақтап, тұрғындарды эвакуациялады.
Келіссөз барысында лаңкестер өздігінен берілуден бас тартып, атысты бастады. Қаруды тастап, берілу туралы әрекет нәтиже бермеді. Арнайы жасақ күштерінің батыл әрекетімен пәтердегі 4 лаңкестің көзі жойылды.
Бейбіт тұрғындар мен күш құрылымдары арасында құрбандар мен зардап шеккендер жоқ.
Сол уақытта Мясоедов және Арынов көшелерінің қиылысында лаңкестердің сыбайласы полиция экипажына оқ атты. Қарсы атылған полицейлер оғынан лаңкес мерт болды. Екі қызметкер жеңіл жараланды.
Ақтөбе облыстық терроризммен күрес жедел штабы жағдайды тұрақтандыру, қалған қылмыскерлерді іздеу, олармен байланысты және ықтимал сыбайластарды анықтау бойынша шараларды жалғастыруда.
«Террорлық әрекетке қарсы операцияның аяқталғаны жайлы қосымша хабарланады», делінген ҚР ҰҚК баспасөз қызметі таратқан баспасөз баянында.