Террорист бейбіт халықты өлтіруге шықса, өзі де сол жазаға лайықты деген сөз - В.Божко - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Террорист бейбіт халықты өлтіруге шықса, өзі де сол жазаға лайықты деген сөз - В.Божко

08.06.2016
Террорист бейбіт халықты өлтіруге шықса, өзі де сол жазаға лайықты деген сөз - В.Божко

Парламент мәжілісінің депутаты, Владимир Божко Мемлекет басшысының мәлімдемесіне, ертең өтетін жалпыұлттық аза тұту күні жайлы, жалпы, Ақтөбеде орын алған қайғылы оқиғаларға қатысты ойын айтты.

«Ақтөбедегі жағдай бүкіл қоғам үшін бір белгі болып отыр. Яғни, діни экстремизмге қарсы әрекет жасау керек. Қазақстан - зайырлы мемлекет. Бұл Ата Заңымызда жазылған. Жастар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, діни экстремизмнің алдын алу керек. Өздеріңіз байқасаңыздар, лаңкестік жасаған адамдардың көбі - жастар. Яғни, жастармен жұмыс жүргізуде бір жерде қателік жібергенбіз. Сондықтан, елімізге өзге идеологияның енуіне тосқауыл қоюымыз керек», - дейді В.Божко.

Депутаттың айтуынша, 9 маусымды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялай отырып, Елбасы қаза тапқан адамдардың қайғыларына ортақтасты. Ал «Парламент Мәжілісінің бүгінгі жалпы отырысын депутаттар неге бір минут үнсіздікпен емес, керісінше, әріптестерін туған күнімен құттықтаудан бастады?» деген сұраққа В.Божко: «менің айтарым, Парламент мүшелері кеше өз ойларын айтып, қаза болғандардың туған-туысқандарына көңіл білдірді. Ертең отырыстар болса, Жалпыұлттық аза тұты күні аясында бір минут үнсіздік жариялаймыз. Парламент  жалпы мемлекеттік саясат аясынан шыға алмайды, сондықтан, сіздерден сұрарым, бір минут үнсіздік жарияламады деп, Парламентті сөге көрмеңіздер. Біз кез келген мәселеде халықтың жанынан табыламыз», деді ол.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің генерал-лейтенант атағы бар Владимир Божко қарсылық танытқан лаңкестердің көзі жойылу керек дейді.

«Қарсы тұрған лаңкестердің көзін құрту - әлемде бар практика. Лаңкестер құқық қорғау органдарының айтқанына көнбесе, оларды өлтіреді. Олар өз сана-сезімімен бейбіт халықты өлтіруге шықса, оларда сол жазаға лайықты. Ойлап қараңыздаршы, дүкенге жай кірген адамды пышақтап кеткен, сатушыны өлтірген. Олардың артында отбасы еңіреп қалды емес пе...»,-дейді ол.

Хабарламаларға жазылу