М. Құл-Мұхаммед Ақтөбеде «Нұрлы жол» бағдарламасы аясындағы жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

М. Құл-Мұхаммед Ақтөбеде «Нұрлы жол» бағдарламасы аясындағы жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты

08.06.2016
М. Құл-Мұхаммед Ақтөбеде «Нұрлы жол» бағдарламасы аясындағы жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты

«Нұр Отан» партиясы Төрағасы бірінші орынбасарының Ақтөбе облысына жасаған жұмыс сапары аяқталды. Оның қорытынды бөлімінде Мұхтар Құл-Мұхаммед «Нұрлы жол» және индустриалдық-инновациялық бағдарламалар аясындағы жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты. 

Бұл туралы «Нұр Отан» партиясының баспасөз қызметі хабарлады. 

1 қыркүйекте Ақтөбе қаласында 320 орындық жаңа мектеп ашылады. Аталған білім ордасы «Нұрлы жол» президенттік бағдарламасы бойынша салынуда. Бұл бағдарлама аясында 5000 шақырымдық автокөлік жолдары мен 2500 шақырым темір жол магистралін салудан бөлек, әлеуметтік саланы жаңғырту да қарастырылған.

Мұхтар Құл-Мұхаммед инфрақұрылымды дамудың кең ауқымды бағдарламаларын жүзеге асыру сапасын «Нұр Отан» партиясы айрықша қадағалайтынын атап өтті.

«Біз әр теңгенің тиімді әрі халықтың игілігіне жұмсалғанын жіті бақылайтын боламыз», - деді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары.

«Нұрлы жол» бағдарламасы Қазақстанның индустриалдық-инновациялық секторына да оң әсерін тигізуде. Мысалы, Ақтөбеде заманауи рельсарқалық зауыты іске қосылды. Оның барлық өнімі жаңа темір жолдар құрылысына пайдаланылуда.

Кәсіпорын директоры Андрей Кузьмин Мұхтар Құл-Мұхаммедке жаңа жоба бойынша 750 адамның жұмыспен қамтылғанын айтып берді. Биыл 100 мың тонна өнім өндірілмек. Зауыттың жобалық қуаты бұдан төрт есеге көп екенін атап өткен жөн.

Зауыттың еңбек ұжымымен кездесу барысында Мұхтар Құл-Мұхаммед жаңа өндірістік алпауыттың тек ішкі нарықты ғана есепке алмай, экспортты да мақсат тұту керектігіне назар аударды.

«Біз үшін Еуразиялық экономикалық одаққа жол ашық. Сондай-ақ, біз ДСҰ-ға мүшеміз. Бұл еліміздегі Ақтөбе рельсарқалық зауыты сынды кәсіпорындарға аса зор мүмкіндік береді», - деді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары.

Хабарламаларға жазылу