Талдықорғанда «Алтынай» мемлекеттік халық биі ансамблінің 30 жылдығы аталып өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Талдықорғанда «Алтынай» мемлекеттік халық биі ансамблінің 30 жылдығы аталып өтеді

08.06.2016
Талдықорғанда «Алтынай» мемлекеттік халық биі ансамблінің 30 жылдығы аталып өтеді

Бүгін сағат 18.30-да Талдықорған қаласындағы  І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында «Алтынай» мемлекеттік халық биі ансамблінің 30 жылдығы аталып өтеді.

Шараға облыс әкімі Амандық Баталов қатысып, ширек ғасырдан астам тарихы бар өнер шаңырағын мерейтойымен құттықтайды. Сонымен қатар өңір басшысы ұжым қызметкерлеріне «Құрмет грамоталары» мен Алғыс хаттар, 2 пәтердің кілтін табыс етеді деп жоспарланып отыр. Жиын соңы мерекелік концертке ұласпақ.

Айта кетейік,  «Алтынай» мемлекеттік халық биі ансамблі 1985 жылы өнер зерттеушісі, тарихшы-этнограф Өзбекәлі Жәнібековтың  ықпалымен өмірге келді. Хореография училищесін бітірген түлектерден құрылған бұл ансамбльдің алдына қойған негізгі мақсаты – қазақ халық биін насихаттау болатын. Концерттік бағдарламасы тек қазақ халық билерінен құралған ансамбль көрерменнің көзайымына айналды.

Қазіргі таңда ансамбльдің негізін құрап отырған – республикамыздың түкпір-түкпірінен келген жас мамандар. Ұжымның репертуарында Ж.Байдаралиннің, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері М.Тілеубаевтың, Г.Орымбаеваның, Қытай Халық Республикасының  І дәрежелі балетмейстер-қоюшысы Н.Тайырдың, Ольга Всеволодская-Голушкевичтің  және т.б. қойылымдары бар. Сонымен қатар, ансамбльдің бүгінгі күні қол жеткізген биіктеріне Тойған Ізімова, Үсен Мақан сынды би өнері шеберлерінің еңбегі зор.  

«Алтынай» МХБ ансамблі  облыс, республика көлемінде ғана емес, өз өнерін Въетнам, Лаос, Бельгия, Оңтүстік Корея, Үндістан, Непал, Түркия, Италия, Пәкістан, Мексикада және де тағы басқа шет елдерде паш етіп, еліміздің би өнерін насихаттады. 

2013 жылы ансамбль  бишілері «ТМД елдері гуманитарлық ынтымақтастығының Мемлекетаралық қорының» қолдауымен жыл сайын «Достастықтың мәдени астанасы» айдарымен өткізілетін мәдени шара шеңберінде Әзербайжан Республикасында «Габала – культурная столица Содружества 2013 года»  атты Гала-концертке қатысып, мыңжылдық тарихы бар көне Габаланы жеңісімен құттықтап,  өз өнерлерін тарту етті.

Ансамбль ЮНЕСКО-ның мәдениет, білім саласындағы бағдарламаларына қолдау көрсеткені үшін, мәдени мұраны сақтау жолындағы әрекеттері үшін  «Алғыс хатпен» марапатталған.

2014 жылы «Аймақтар аламаны» республикалық телебайқауында облыс намысын қорғап, жүлделі ІІ орынға ие болып қайтты.

 Қазіргі таңда ансамбль репертуарында 70-тен астам би мен би қойылымы бар. Ансамбль – еліміздегі «мемлекеттік» деген атағы бар үш ұжымның бірі. 2015 жылдан бері ансамбльдің көркемдік жетекші қызметін ҚР мәдениет саласының үздігі Смағұлова Гүлмира Дубекқызы атқарып жүр.

Ансамбль құрамында 24 биші, 1 бас балетмейстер, 1 би дайындаушы, 1 аккомпониатор, 1 костюмер, 1 жүк тасушы штаттық бірлігі бар.

Хабарламаларға жазылу