Ақтөбе облысында тағы бір лаңкес ұсталды. Бұл туралы ҚР ІІМ ресми өкілі Алмас Садубаев BNews.kz тілшісіне телефон арқылы берген сұхбатында мәлімдеді.
«Құқық қорғау органдары қылмыскерлерді іздестіріп, құрықтауға және Ақтөбе аумағында қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз етуге қатысты шаралар қабылдауда. Бүгін таңғы сағат алты шамасында Қобда ауданы Қобда ауылында шабуылға қатысқан қылмыскерлердің бірі ұсталды. Қалған алты қылмыскерді іздестіру жұмысы жалғасып жатыр», - деді А.Садубаев.
Естеріңізге сала кетейік, 5 маусым күні Ақтөбеде белгісіз біреулер екі қару-жарақ дүкенін тонап, әскери бөлімге шабуыл жасаған болатын. Полицейлер мен қылмыскерлер арасындағы қарулы қақтығыс кезінде 13 қылмыскердің көзі жойылып, бесеуі ұсталды. Сонымен қатар, 7 адам мерт болды. Оның үшеуі бейбiт тұрғын.
Ақтөбе қаласындағы антитеррорлық операцияға қатысы бар 6 күдікті әлі іздестіріліп жатыр. Облыстық Ішкі істер департаментінің баспасөз жетекшісі Ардагер Уайдиннің айтуынша, олардың мекенжайын айтқан адамға 5 миллион теңге сыйақы тағайындалды.