Ақтөбеде түнгi жедел-iздеу шаралары барысында полицейлерге қарсылық көрсеткен тағы 7 қылмыскердiң көзi жойылды. Бұл туралы бүгiн Үкімет отырысында ҚР Iшкi iстер министрi Қалмұханбет Қасымов мәлiм еттi, деп хабарлайды BNews.kz.
«Түнгi жедел-iздеу шаралары барысында полицейлерге қарсылық көрсету кезiнде тағы 7 қылмыскер жойылып, екеуi жарақат алып, ұсталды. Қылмыскерлерден ұрланған қарудың көп бөлiгi тәркiлендi. Қалған қылмыскерлердiң кiм екенi анықталды, қазiр оларды құрықтау бойынша тиiстi шаралар қабылданып жатыр», - деп мәлiм еттi министр.
Оның сөзiнше, қазiр Ақтөбеде жағдай қалыпты.
«Қазiр Ақтөбе облысында контртеррорлық операция режимi енгiзiлген. Ақтөбеде жағдай тұрақты. Кәсiпорындар мен қоғамдық көлiктер қалыпты жағдайда жұмыс істеп жатыр. Iшкi iстер органдарының барлық жеке құрамы күшейтiлген тәртiпке көшiрiлдi», - дедi ол.
Iшкi iстер министрлiгi жергiлiктi атқарушы органдармен бiрге қаза тапқандар мен жарақат алғандардың отбасыларына көмек көрсету шараларын қолға алған.