Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданында тұратын мүжәлсіз отбасының тағдыры «Қазақстан-Ақтау» телеарнасы арқылы өзгерді. Арнадағы «Ашығын айтайық» әлеуметтік ток-шоуына кейіпкер болған үйсіз Жанар Сатыбековаға жанашыр азаматтар үй салып жатыр, деп хабарлады mangystautv.kz.
Үй қазір қызу қарқынмен салынып жатыр. Ток-шоу кейіпкері Жанар Сатыбекова - Маңғыстау облысының тумасы. Әкесі ішімдікке салынғандықтан, бақытты балалық шақ есінде жоқ. 15 жасында тұрмысқа шығып, қазір 4 баланың анасы болып отыр. Күйеуі тағдыр қыспағына төзе алмай, өзінің жан-жарын 4 бірдей баламен тастап кеткен. Жалғыз басты ана алимент те ала алмай, 40 мың теңгеге жалдап отырған үйдің ақшасын төлеуге де қабілетсіз болып, телеарнаға көмек сұрап келген.
«Ашығын айтайық» ток-шоуына қатысқаннан кейін, халық көмегін аямады. Студияда өлкемізге танымал құрылысшы Самат Мұсабаев пен Сұңғат Мұңалбаевтың өкілі жер телімі болса, үй салып беруге әзір екендіктерін жеткізген. Жер телімі мәселесі де көп ұзамай өз шешімін тапты. Облыстық маслихат депутаты Аббат Өрісбаев көп балалы, жалғыз басты анаға Мұнайлы ауданындағы Батыр елді мекенінен жер телімінің құжаттарын ұсынды. Өмір бойы жалдамалы күркелерде өмір сүрген көп балалы ананың қуанышында шек болмады.
-Өте қуаныштымын. Сене алмай тұрмын. Осыдан бір ай бұрын іргетасы қаланған баспананың қазір қабырғалары көтеріліп те қойды. Соған қарағанда қоныс тойының да ауылы алыс емес. Төрт бөлмелі үйдің жалпы сұлбасы ендігі айқындалып та қалған. Қабырғалары көтеріліп, сырты сыланды. Міне, есік-терезесінің үстіне шарқырауық та орнатып жатыр, - дейді қуанышты көп балалы ана Жанар Сатыбекова.
«Жұмысшылар әзірге құрылыстың 40 пайызын орындаған. Маусымның аяғына дейін толықтай аяқтап, жаңа үйдің кілтің «Ашығын айтайық» ток-шоуының кейіпкеріне тапсыру жоспарланып отыр. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл » деген осы болар. Телеарнаға осыдан 3 ай бұрын көмек сұрап келген отбасының мәселесі осылайша оң шешімін таппақ», - дейді ток-шоу жүргізушісі Гүлнұр Жадрина.