Қазақстанда нашақорлықтың алдын алу айлығы басталады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда нашақорлықтың алдын алу айлығы басталады

02.06.2016
Қазақстанда нашақорлықтың алдын алу айлығы басталады

2 маусым күні республикада «Сенің болашағың тек өзіңе байланысты! Денің сау болсын! Нашаны қолданба!» ұранымен Халықаралық нашақорлықпен және есірткінің заңсыз айналымымен күрес күніне арналған айлық басталды. Аталған шара шілде айының 2-не дейін жалғасады. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Айлық барысында Қазақстанның барлық өңірлеріндегі алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында ашық есік күндері ұйымдастырылып, азаматтарға психологтар, бейінді мамандар мен әлеуметтік қызметкерлер кеңес береді. Сонымен қатар,  халық көп жиналатын орындарда «Денсаулық жарнамасы» атты флэш-моб шаралары; балалардың бойына сенім ұялату арқылы оларды тәрбиелеу туралы ата-аналармен әңгімелесу; балалардың бойында девиантты мінез-құлыққа жол бермеу мақсатында ата-ана мен балалардың өзара қатынасына қолайлы жағдай жасау, өзін-өзі қорғау әдетін қалыптастыру мен дамыту шаралары жүзеге асырылады.

Есірткі пайдаланудың алдын алу және олардың заңсыз айналамына қарсы күрес - республикада мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі.

Психоактивті заттардың денсаулыққа тигізетін орасан зияны туралы халықты ақпараттандыру деңгейін арттыру бойынша қабылданып жатқан іс-шаралар және жастар мен жасөсіпірімдерге қолайлы психологиялық және әлеуметтік жағдайлар жасауға қоғам назарын аудару денсаулыққа деген жауапты көзқарасты, сондай-ақ, психоактивті заттарды тұтынудан бас тарту машықтарын қалыптастыруға ықпал етеді.   

Естеріңізге сала кетейік, 1987 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы бекіткен Халықаралық нашақорлықпен және есірткінің заңсыз айналымымен күрес күні 26 маусым күні атап өтіледі.

Хабарламаларға жазылу