Жемқорлықпен күреске Қорғаныс министрлігі де атсалысады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жемқорлықпен күреске Қорғаныс министрлігі де атсалысады

25.11.2015
Жемқорлықпен күреске   Қорғаныс  министрлігі  де атсалысады
Жемқорлықпен күреске   Қорғаныс  министрлігі  де атсалысады


Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетовтың басшылығымен Қарулы күштерде жемқорлыққа жол бермеу мәселесіне арналған кеңес өтті. Жиынға барлық күш құрылымдарының, сот, құқық қорғау және арнайы органдардың басшылары қатысты. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бүгінде жемқорлықтың алғышарттарын қалыптастыратын оқиғалардың алдын алу өте маңызды болып отыр. Мемлекеттік органдар бұл бағытта 2015-2025 жылдарға арналған Антикоррупциялық стратегияға жүгінбек. Бұл стратегия күш құрылымдарының да басты ұстанымы болмақшы. Жиынға қатысқан лауазымды тұлғалар жемқорлықпен күресті күшейту қажет екендігін баса айтты.

Кеңеске Қорғаныс министрлігі мен Бас штаб аппараты қызметкерлерімен қатар, аймақтық қолбасшылықтардың, әскер түрлерінің қолбасшылары қатысты. Себебі, антикоррупциялық іс-шаралар, түсіндіру жұмыстары бірінші кезекте жеке құрамдар мен әскери бөлімдерде күшейтілуі тиіс.

«Жемқорлық тек жүйені ғана емес, мемлекеттің іргетасын шайқалтатын факторлардың бірі. Егер ол мемлекеттік құрылыстың тірегі саналатын күш құрылымдарында, соның ішінде армияда орнығатын болса, онда оның зардабы туралы айтудың өзі қиын. Осы тұста ел Президенті- Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзін атап өкім келеді «погон таққан адамдар кіршіксіз тәртібімен көзге түсуі керек, ал олардың қатарындағы коррупция ұлттық қауіпсіздік пен қоғамдық тұрақтылыққа қауіп төндіреді»,- деді Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов.

Сонымен қатар, Қорғаныс министрі Қарулы күштерде жемқорлық деңгейін азайту бірінші кезекте бақылаушы органдармен бірлесе атқарылған жұмыстың нәтижесі екендігін атап өтті. Ал, құқық қорғау органдарымен серіктестікті одан әрмен нығайту жалғаса бермек. Бұл бағытта министрлікте өткен кеңесте арнайы Меморандум қабылданды.

2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін Меморанудмға ҚР Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов, ҚР Бас прокуроры Асхат Дауылбаев, ҚР Мемлекеттік қызмет және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаров, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нұртай Әбіқаев, Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов қол қойды. Кеңеске ҚР Жоғары соты Қайрат Мәми де қатысты.

Естеріңізге салар болсақ, күш құрылымдарындағы, соның ішінде Қарулы күштердегі жемқорлықтың өршіп тұрғанына Президент Нұрсұлтан Назарбаев та назар аударған болатын. Дегенмен, 2011 жылдан бері әскерилердің арасындағы жемқорлық деңгейінің төмендегені туралы да дерек бар. Бірақ, соңғы жеті жылда 8 генерал істі болған. Осы 8 генералдың төртеуі ҰҚК Шекара қызметіне, төртеуі Қорғаныс министрлігіне қарасты құрылымдарда қызмет жасапты. Қызмет бабын асыра пайдаланғаны үшін немесе жемқорлыққа қатысты қылмыстық жауапкершілікке тартылғандардың ішінде генералдар Қажымұрат Мейірманов пен генерал Бағдат Майкеев қорғаныс саласында вице-министр қызметін атқарған азаматтар. Ал, генерал Нұрлан Жоламанов ҰҚК Шекара қызметін басқарған болатын.

Kaznews.kaztrk.kz

Хабарламаларға жазылу