Басты Жаңалықтар Дәмханадағы жарылыс: Жарақат алғандардың бірі ауруханадан шықты

Дәмханадағы жарылыс: Жарақат алғандардың бірі ауруханадан шықты

Ақтөбеде көп қабатты үйдің бірінші қабатында орналасқан дәмханада газ-ауа қоспасы жарылып, екі адам зардап шекті. Біреуінің жарты денесін күйік шалған. Қазір біз осы өңірдегі меншікті тілшіміз Жақсыбек Кемалмен тікелей байланысқа шыққалы тұрмыз. Жақсыбек, оқиға туралы толығырақ баяндап берсеңіз?

Жақсыбек Кемал, тілші:

Оқиға бүгін таңғы он жарым шамасында болды. Жарылыс толқыны дәмхананың көше жақ бетін толық қиратып өткен. Тіпті әйнек сынықтары 10-15 метр жердегі көшеден өтіп бара жатқан көліктерді зақымдады. Екі адам жарақат алды. Оның бірі 19 жастағы жігіт, екіншісі 36-дағы әйел. Ол уақытта дәмхана енді ғана ашылғандықтан, өзге ешкім болмаған. Зардап шеккен әйел түстен кейін өзін жақсы сезініп, ауруханада қалудан бас тартқаны белгілі болды. 

Қадырбек Иманбаев, №1 қалалық көпсалалы аурухананың бас дәрігері:

Екі жедел жәрдем бригадасы бір минутта келді. Қалалық көпсалалы орталыққа екеуі де жеткізілді. Екеуінің де жағдайы тұрақты. Өмірлеріне қауіп жоқ. Барлық керекті тексерулер және ем шаралары жүргізілуде.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Дәмхана қала шетіндегі жаңадан бой көтерген «Алтын орда» ауданында орналасқан. Жарылыстан жоғарғы қабаттардағы пәтерлердің терезелері сынды. Тұрғындар қауіпсіз жерге шығарылып, өрт лезде сөндірілді.

Жақсыбек, жарылысқа не себеп болғаны белгілі ме?

Жақсыбек Кемал, тілші:

Төтенше жағдайлар департаменті мамандарының айтуынша, ғимаратта газ балоны болмаған. Жарылысқа табиғи газдың тұтануы себеп болған секілді.  Яғни, құбыр ашық қалып, бөлмеге газ жиналып қалуы мүмкін. Нақты себебі тексеру жұмыстарынан кейін белгілі болмақ. Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Бөлісу