Ақын Әлімқұл Жамбылов дүниеден озды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақын Әлімқұл Жамбылов дүниеден озды

14.11.2015
Ақын  Әлімқұл Жамбылов  дүниеден озды
Ақын  Әлімқұл Жамбылов  дүниеден озды

Жамбылдың ақындық өнері дарыған немересі, алып бәйтеректің мәуелі бір бұтағы, Қазақстанның Халық ақыны, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, «Құрмет белгісі» орденінің иегері, Алматы облысының және Жамбыл ауданының Құрметті азаматы Әлімқұл Жамбылов 2015 жылдың 14-қарашасында 88 жасында дүниеден озды.

Әлімқұл Жамбылов 1927 жылдың 9- мамырында Алматы облысы, Жамбыл ауданының Жамбыл ауылында дүниеге келген. Алты айлығында жетім қалған Әлімқұл жасынан Жамбыл атасының жанында жүріп, тәлім-тәрбие алды және өлеңдерін жатқа айтып өсті. 1944 жылы Жамбыл орта мектебін, 1947 жылы киноактер мектебін бітірген. 1947-1948 жылдары аудандық мәдениет бөлімінде, 1952-1994 жылдар аралығында баспасөз саласында жауапты қызметтер атқарды.

Жамбылдың асыл мұрасымен жасынан сусындап, оны көріп-біліп, тыңдап өскен – Әлімқұл қазақтың ақпа-төкпе ақындық дәстүрін қаймағын бұзбай жалғастырушылардың бірі. Ол М.Көкенов, Ә.Сарыбаев, Н.Лушникова сынды танымал айтыскерлермен айтысқа түскен. Әлекең ел мен жер тарихын, ауыл тұрмысын жырға қосқан айтулы сөз шебері. Ақынның сүйсіне жырлайтын тақырыбы ел мен жердің жетістігі, әсіресе, ауылдастарының қажырлы еңбегі еді. Ол қазақтың алып тұлғалы батырларын, палуандарын, Ұлы Отан соғысының ардагерлерін, Еңбек ардагерлерін, тарихи тұлғаларды кейінгі ұрпақ санасында қалдыруды өзіне парыз санап, өлең-жырларын арнады. Ақын жастарға, балаларға арнап ақыл-нақыл, өсиет өлеңдер қалдырды. Жамбылға, Кененге, Үмбетәліге, Тұрмағанбетке арнаған толғау-жырлары бар.

Ақынның «Қызыл сырлы домбыра», «Мен Әлімқұл, Жамбылдың немересі», «Атадан қалған бір мұра», «Жамбыл қаласында» атты жыр жинақтары жарық көрген. Әлекеңнің жарқын естеліктері-болашаққа қалған асыл мұра.

Әлімқұл ақын - атасы Жамбылдың биікке көтерген жыр жалауын қолдан түсірмей, жоғары ұстап, ақындар мен батырлар елінің жыр бұлағынан сусындап, Сүйінбай жырын селдетіп, Жамбылдың жырын тербетіп ақындық өнерде өзіндік қолтаңбасын қалдырды.
Жасымнан мен жақсыға жақын жүрмін,
Дария шалқар көлдей тасып жүрмін,
Айтысып, өлеңімді шашып жүрмін,-
деп он сегіз жастан асқанша атасының жанында жүрген, ұлы Жамбыл ақынның асыл жалғасы Әлекеңнің айтар әңгімесі әлі де көп еді.
Қолына қызыл сырлы домбырасын алып, қыран құстай қомданып, өлең-жырды нөсерлеткен - асылдың сынығы, тұлпардың тұяғы, сұңқардың қанаты Әлімқұл Жамбыловтың жарқын бейнесі мәңгі есте сақталады.

Әлімқұл Жамбыловтың қонақасы 15 қараша күні сағат: 16.00-де Жамбыл ауылында өтеді.
Жаназасы 16-қараша күні, сағат: 10.00-де Жамбыл ауылында, қонақасы Ұзынағаш ауылындағы «Талғат» мейрамханасында беріледі.


Kaznews.kaztrk.kz

Хабарламаларға жазылу