Көкшетау әуежайы жабылуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көкшетау әуежайы жабылуы мүмкін

06.11.2015
Көкшетау  әуежайы  жабылуы мүмкін
Ақмола облысы Көкшетау қаласындағы әуежай өз қызметін тоқтатуы мүмкін. Бұл туралы облыстық Төтенше жағдайлар департаментінде өткен брифинг барысында белгілі болды. Өрт қауіпсіздігі жөніндегі мамандар нысанды жоспарлы тексеру барысында бірқатар заңбұзушылықты анықтапты. Егер тиісті шаралар қолға алынбаса халықаралық әуежай жұмысы тоқтатылмақ. Бұл туралы Қазақ радиосының Ақмола облысындағы тілшісі Ерболат Серікбай хабарлады.


Көкшетау  әуежайы  жабылуы мүмкін

2010 жылы Халықаралық мәртебеге ие Кокшетау әуежайын қайта салу үшін 8 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалыпты. Осыған қарамастан, мамандар әуежайдың өртке қарсы қауіпсіздігі өте төмен жағдайда деген баға беріп отыр. «Соңғы тексеріс нәтижесі бойынша өртке қарсы қауіпсіздік ережелерін бұзудың 63 дерегі тіркелді. Біз анықтаған фактілер бойынша тиісті шаралар қабылданбайтын болса, онда департамент әуежайдың қызметін тоқтату жөнінде сотқа талап-арыз беретін болады»,- деп мәлімдеді облыстық Төтенше жағдайлар департаменті өрт қауіпсіздігі басқармасының басшысы Денис Шелкоплясов.

Ал, «Авиакомпания Көкшетау» Акционерлік Қоғамы авариялық-құтқару қауіпсіздігі қызметінің жетекшісі Алтынбек Мендыбаев.
«Әуежайда жолаушылар мен ұшақтарға тиісті өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қаржы жеткіліксіз. Штатта 60 адам өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етулері қажет және қарауылда 15 адам тұруы керек. Бүгін бізде 3 адам жұмысқа шығады. 2 жүргізуші мен 1 құтқарушы. Бұл жерде техника мәселесі қиындық тудырып отыр», - дейді.

Әуежайда 2 өрт сөндіру көлігі бар. Алайда олардың пайдалану мерзімі әлдеқашан аяқталған. Өрт сөндірушілердің мәлімдеуінше, әуе техникасын сөндіру үшін 4 арнайы көлік қажет болатын көрінеді. Бүгінде әуежай 3 бағыт бойынша жылына орташа есеппен 10 мың жолаушыға қызмет көрсетеді.


Kaznews.kaztrk.kz

Хабарламаларға жазылу