Бітімгершілік операцияларға қатысатын әскерлерді өзіміз даярлаймыз - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бітімгершілік операцияларға қатысатын әскерлерді өзіміз даярлаймыз

04.11.2015
Бітімгершілік операцияларға  қатысатын әскерлерді өзіміз даярлаймыз
Бітімгершілік операцияларға  қатысатын әскерлерді өзіміз даярлаймыз
Бұдан былай Қазақстан халықаралық бітімгершілік операцияларға қатысатын әскерлерді өз елімізде даярлықтан өткізеді. Енді шетелдік мамандарсыз-ақ, жауынгерлерді халықаралық операцияларға қатысатындай деңгейде даярлау қазақ офицерлерінің қолынан келеді. Астана маңындағы 68665 әскери бөлімінің базасында бітімгершілік қызметі саласында құқықтық қамтамасыз ету мәселелері жөнінде кездесу өтті. Кездесуге ҚР Қорғаныс министрлігінің өкілдері, ҚР Парламенті Сенатының халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитеттерінің мүшелері қатысып, қазақ жауынгерлерін БҰҰ миссияларына қатыстыру, бітімгершілік бөлімшелерін дайындау мәселесі қаралды.

Жиында ҚР ҚК БШ Жауынгерлік даярлық депратаментінің бөлім бастығы подполковник Бауыржан Нығметуллин хабарлағандай, бүгінде қазақстандық бітімгершілік батальонын даярлау халықаралық стандарттарға сәйкес келеді, курстар ұйымдастырылды, бітімгершілік операцияларға дайындау бойынша оқу-жаттығу орталығы құрылды. Онда БҰҰ-ның миссияларына қатысуда тәжірибелері бар сардарлар өздерінің әріптестерін оқып-үйрете алады.

Парламент Сенатының депутаты Мұхтар Алтынбаев: «ҚР ұлттық контингентінің БҰҰ операцияларына қатысу үдерісін реттеудегі құқықтық негіз «ҚР бітімгершілік қызметі туралы» заң болды. Ол ҚР Президентінің, ҚР Үкіметінің, Қорғаныс министрлігі мен өзге де органдардың бітімгершілік қызметі саласында құзыретін, бітімгершілік операцияларға қатысу тәртібін және аяқтауға арналған негізді орнатады. Сонымен қатар, ұлттық контингентті оқытуды, дайындауды, әлеуметтік қорғау шараларын, әскери қызметшілердің құқықтары мен міндеттерін көздейді, Яғни, мұнда барлық жақтары көзделген», - деп атап өтті.

Сонымен қатар, сенатордың айтуына қарағанда, Қазақстан БҰҰ-ның бітімгершілік операцияларына қатысуға тиіс. Алайда, шиеленіскен өңірлерге сарбаз жіберу де жан-жақты сараптама жасау да ескеріледі. Ал, жалпы бітімгершілік шараларына қатысу елдің халықаралық сахнадағы беделін көтеруге көп септігін тигізетіні анық. Сондай-ақ, халықаралық міндеттемелерді орындаудың да бір көрінісі болып саналады.

Қазіргі сәтте Батыс Сахарасы (MINURSO) мен Кот-д Ивуардағы (UNOCI) Бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі БҰҰ-ның бітімгершілік миссияларының қатарында Қазақстанның Қарулы Күштерінен әскери бақылаушылар ретінде жеті офицеріміз жүр.

Kaznews.kaztrk.kz

Хабарламаларға жазылу