Қытай Халық Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Хун Лей Ұлттық арнаға арнайы сұхбат берді
Дәурен Бауыржанұлы, тілші:
Хун Лей мырза, Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан бергі даму жолына, бүгінге дейінгі жеткен жетістіктеріне қандай баға бересіз?
Хун Лэй, ҚХР СІМ ресми өкілі:
Қазақстан Н.Назарбаевтың басшылығымен тәуелсіздік алған жиырма жылдан астам уақытта таңғаларлық жетістіктерге жетті. Орталық Азия кеңістігінен озып шығып, алпауыт елдермен қатар тұрып, халықаралық аренада емін-еркін сөйлейтін беделді мемлекетке айналды.
Бүгінге дейінгі жетістіктерін тізіп айта берсек, әңгіме ұзаққа созылады. Қазақстанның мүмкіндігі мол, келешегі зор, даму қарыны тез екенінін қазірде күллі әлем мойындады. Біз, Қытай тарапы көршіміздің жетістіктеріне үнемі қуанып отырамыз.
Дәурен Бауыржанұлы, тілші:
Қытай тарапы Қазақстанды ең маңызды стратегиялық серіктестерінің бірі деп жиі айтады. Қазақстанмен қарым-қатынастарды дамыту Қытай үшін қаншалықты маңызды?
Хун Лэй, ҚХР СІМ ресми өкілі:
Қытай Қазақстанмен қарым-қатынасын достас мемлекеттен бастап, бүгінде стратегиялық серіктес дәрежесіне жетті. Бұл екі жақты қатынасты дамытудағы қос тараптың белсенді қызметінің жемісі. Бұл қарым-қатынастарды тереңдету екі ел үшін өте маңызды. Біздің ұзаққа созылған ортақ шекарамыз бар.
Екі елдің басшылары тек саяси серіктес емес, жақын достар. Қазақстан біздің Орталық Азиядағы бірінші, ал әлем бойынша екінші сауда серіктесіміз. Тек сауда-экономикалық емес, саяси, мәдени, жалпы барлық бағытта ынтымақтастықты нығайтуға мүдделіміз. Себебі, Қазақстанның болашағынан зор үміт күтеміз.
Дәурен Бауыржанұлы, тілші:
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы жол» жаңа экономикалық даму саясатын ұсынды. Ал, Қытай төрағасы Си Цзиньпин «Бір белдеу-бір жол» жобасын алға қойып отыр. Осы екі бастаманың ортақ мақсаттары бар ма? «Бір белдеу – бір жол» бағдарламасы бойынша Қазақстанмен қай салада қатынастарды дамыту ең маңызды саналады?
Хун Лэй, ҚХР СІМ ресми өкілі:
Н.Назарбаев «Нұрлы жол» бағдарламасын ұсынды. Оның маңызды бөлігінің бірі көлік инфрақұрылымы, логистика және байланыс жолдарын дамыту. Ал, төрағамыз ұсынған «Бір белдеу – бір жол» жобасы бойынша да Жібек жолы бойындағы елдермен байланыс жолдарын дамыту - басты мақсаттардың бірі.
Осы секілді екі бағдарламаның көптеген ұқсастықтары бар. «Жібек жолы экономикалық белдеуі» жобасында Қазақстан маңызды роль атқарады. Ол аталмыш жобаны іске асырудағы негізгі дәліз. Сондықтан атап өткендей, алдымен байланыс жолдарын дамыту негізгі мақсат.
Осы орайда Қазақстанмен екі ортада көптеген жобалар жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, жуырда Ляонинган порты іске қосылды.Ол екі елдің логистикалық мүмкіндіктерін арттыруға, арадағы тауар айналымын еселеуге зор мүмкіндік туғызады.
Тек құрлық арқылы емес, теңіз арқылы да сауда қарым-қатынастарды дамытуға ықпал етеді. Осы секілді порттар, тасжолдары, инфрақұрылымдық нысандар салуға бағытталған көлемді жобалар жоспарланды.
Осы жылы Қазақстан Республикасының Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің Қытайға сапары барысында құны 23,6 миллиард долларға тартатын 20-дан астам жобаны жүзеге асыруға келісім жасалынды. Қысқасы, Қазақстанмен жан-жақты ынтымақтастықты дамытуды көздеп отырмыз.
Дәурен Бауыржанұлы, тілші:
Сіз Қазақстанға барып, елордамыз Астанада болып қайтыпсыз. Астана сізге ұнады ма?
Хун Лэй, ҚХР СІМ ресми өкілі:
Мен Астанада бірнеше рет болдым. Бұл Қазақстанның дами келе қол жеткізген жетістіктерін айқындайтын қала. Қазақстан халқының еңбегінің жемісін көрсететін өте әсем қала.
Жуырда Астана күнін атап өтеді екен. Осы орайда барша қазақстандықтарды мерекемен құттықтай келе, мемлекетіңіздің әлі де дамып, көркейе беруін тілеймін.
Дәурен БАУЫРЖАНҰЛЫ
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы