«Біз таза қаланы қолдаймыз» деп ұрандатқан астаналықтар да жалпықалалық сенбілікке шықты. Көктемгі тазалыққа 100 мыңға жуық қала түрғыны қатысып, көшелерді қоқыстан тазартты. Елорданы абаттандыруға алғашқылардың бірі болып Қазақ гуманитарлық заң унивирситеті атсалысты. Болашақ заңгерлер қолдарына күрек, тырма алып, жаяужолдар мен аулаларды ретке келтірді. Ал дәрігерлер бүгінгі жұмыс күнін науқасты қараудан емес, қаланың санитарлық жағдайын түзетуден бастады. Олар №4 емхананың айналасы мен өздеріне тиісті аумақты сыпырып, тазалады.
Мектепте оқитын талапты балдырғандар да бұл акциядан шет қалмай үлкендермен бірге еңбектенді. Олар ата-аналарымен бірігіп, мектеп ауласын жинап, ағаштардың түптерін қопсытты.
Жалпы сенбілікке 5000 кәсіпорын мен ұйымдар, 45 жоғары және орта мамандандырылған оқу орындары, 124 мектепке дейінгі және жалпы білім ордасы, 58 денсаулық сақтау мекемесі, 161 мемлекеттік мекеме мен ұлттық компаниялар қатысты. Айта кету керек, сәуірдің 13-нен бастау алған акция бір ай жалғасады.
Ләззат БЕКТАС