Мемлекеттік несие алған павлодарлық 45 кәсіпкер кепілдіктегі дүние-мүлкінен айырылуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекеттік несие алған павлодарлық 45 кәсіпкер кепілдіктегі дүние-мүлкінен айырылуы мүмкін

28.01.2015
Мемлекеттік несие алған павлодарлық 45 кәсіпкер кепілдіктегі дүние-мүлкінен айырылуы мүмкін

Кәсіпкер боламын деп кедергіге тап болғандардың көбі Қашыр ауданының тұрғындары. Алексей Кох жеке наубайхананың иесі. Тереңкөл ауылын нанмен қамтамасыз етіп отыр.

Бизнесін ұлғайту үшін үш жыл бұрын «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы арқылы 3 миллион теңге несие алған. Алайда, тегін жасалуы тиіс инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрдымға кеткен.

Алексей Кох, жеке кәсіпкер:

Су мәселесі шешілген жоқ. Тағы бір наубайхана сатып алғанмын. Қазір босқа тұр. Алты адамға жұмыс беріп, көрші ауылдарды ыстық нанмен қамтамасыз етемін деген жоспарым орындалмады.

Ал, Владимир Девятко әкесінен қалған ұстаханадан айырылуы мүмкін. Бұл мүлікті саудалауға қатысты жақында сот шешім шығарды.

Владимир Девятко, жеке кәсіпкер:

Қысқа мерзімдік курста оқытты. 3 миилион теңге несие берді. Мен токарлық жабдықтарды сатып алдым. Енді мұнда 380 вольттық электр қуатын беретін желі тартып беруге тиіс болатын. Соны істемей қойды.

Яғни, Қашырлық 12 кәсіпкер мемлекет тарапынан жасалуға тиіс жеңілдіктерді пайдалана алмаған. Ауданға келген жаңа әкім «тұралаған тірлікті тұйықтан шығаруға болады», - дейді.

Жанат Шұғаев, Қашыр ауданының әкімі:

Билік өкілдерінің де кінәләрі бар.Өйткені, түсіністік болмаған. Кезінде инфрақұрылымды қарастырғанда кішкене бір қателіктер болған. Онымен тергеуші айналысуда.

Облыстық Кәсіпкерлер палатасының мәліметіне қарағанда инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдарды пайдалану бойынша 45 кәсіпкерден арыз түскен.

Ботагөз Ілиясова «Нұр Отан» партиясының Павлодар аудандық филиалына барды. Ол өткен жылы «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы арқылы несие алып, көкөніс өсіруді қолға алған. Алайда, су болмағандықтан тақырға отыра жаздады.

Ботагөз Ілиясова, жеке кәсіпкер:

«Нұр Отан» партиясына келгенім дұрыс болды. Жыл бойы бармаған мекемем жоқ. Аудан әкімі егіс алқаптарын суландыру жүйесіне қосуға рұқсат алып берді.

Кәсіпкерлер мүлкін сатуға қатысты сот шешімін орындау алты айға дейін ұзартылуы мүмкін. Енді бұл мәселемен арнайы құрылған комиссия айналысады.

 

БОЛАТ АМАНБАЕВ

Хабарламаларға жазылу