Қызылорда облысындағы Қармақшы ауданының халқы ауызсуға зәру - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысындағы Қармақшы ауданының халқы ауызсуға зәру

19.01.2015
Қызылорда облысындағы Қармақшы ауданының халқы ауызсуға зәру

Екі қабатты қос үйде 32 отбасы тұрады. Олар үшін ең басты мәселе – ауызсу.

Гүлжайна Бұқарбаева, Жосалы кентінің тұрғыны:

Жазда су көтерілмейді. Барлығы насоспен алғаннан кейін, бізге су келмейді. Қыста құбыр қатады. Оны жылытып өзіміз ағызамыз.

Сонымен қатар, су тек уақытпен ағады. Ал, Гүлжайна екінші қабатта тұрады. Амал жоқ, ол күн сайын бірнеше мәрте төменге түсіп, жердің астынан шығарылған кішкентай құбырдан су аққан кезде ыдысын толтырып алып, қайтадан жоғары көтеріледі.      

Тұрғындарды мазалаған мәселе тек бұл емес, мұнда бас ауыртар коммуналдық мәселе де жетеді. Кәріздік жүйе жұмыс істемейді, шатыр шұрық-тесік, кіре беріс есік алқам-салқам, терезеде шыны жоқ.

Орынкүл Ізтілеуова, Жосалы кентінің тұрғыны:

Шифер қирап тұр, жаңбыр жауғанда ішіне су ағып кетеді. Леген, шелек қойып отырамыз. Сыртын әктейді де кетеді. Басқа ешнәрсе істемейді. Ал, төбесінде ешқандай шаруасы жоқ. Шатырға жамау-жамау шиферді жапты да кетті.

Осындай сан тарау түйткілдерін айтып, бармаған жері жоқ жұртшылықтың. Бірақ, әзірге нақты жауап болмай тұр.

Ал, ауызсу мәселесі тек бұл екі үйге ғана тән емес, Жосалы кентінде 114 көше болса, соның 63-інде су жоқ. 

«Қазақстан» Ұлттық телеарнасының түсіру тобы ауданға демалыс күндері барғандықтан, құзырлы мекемеден бұл туралы түсініктеме алу мүмкін болмады.

Бірақ, қаперге алынған мәселелер жөнінде алдағы уақытта тиісті жауап беріледі деген ойдамыз.  

 

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу