Олар алаңсыз тұрып келген пәтерден асыраушысы жоқ отбасы мүшелерін қуып шыққан.
Кейін пәтердің жаңа қожайынының жекешелендіру құжаты заңсыз деп танылып, баспана қалалық әкімдіктің қарауына өтіп кеткен. Жалғызілікті ана әділдік іздеп жүр.
Салтанат Мұқашева Майқұдықтағы 17-ші ықшам аудандағы 3 бөлмелі пәтерде 12 жыл тұрып келіпті. 2012 жылы сырттай құжат рәсімдегендердің кесірінен 3 баласымен баспанасыз қалған.
Сотқа бергенімен еш нәтиже шықпады. Сол уақыттан бері 6 шаршы метр бөлмені жалдап келеді.
Салтанат Мұқашева, жалғызілікті ана:
Жалақым – 30 мың теңге. Үш балаға 23 мың теңге аламын. Әкесі қайтыс болған. Жетпейді. Тұрып жатқан бөлмеге 40 мың төлейміз.
Жалғызілікті ананың екі қызы қазір колледжде, ұлы мектепте оқиды. Олардың да келешегі үшін алаңдайды. Барлығының сабақ үлгерімі мен тәрбиесі жақсы. Тек бастарына бір баспана берілсе екен, деп тілейді анасы.
Дарын Бұлқайыр, Қарағанды қаласы тұрғын үй қатынастар мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары:
Жыл сайын бізде құрылыстың көлемі өзгереді. Кезекте 2 мыңнан астам адам тұр. Сол бойынша беріледі. Ол ертең алады, бүгін алады деп нақты айта алмаймын. Себебі, бюджеттік тапсырыс жыл сайын өзгереді.
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ