Өскемендегі көпқабатты үйдің тұрғындары пәтерлерін пешпен жылытып отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өскемендегі көпқабатты үйдің тұрғындары пәтерлерін пешпен жылытып отыр

06.01.2015
Өскемендегі көпқабатты үйдің тұрғындары пәтерлерін пешпен жылытып отыр

Кезінде бұл үйді сол маңдағы кәсіпорынның қазандығы жылумен қамтамасыз етіп тұрған. Өндіріс орны жабылып, қазандық қираған соң, бірнеше көпқабатты үй жылусыз қалады.

Тұрғындар талай шенеуніктің табалдырығын тоздырып, мәселені шешуге көмек сұрапты. Бірақ, еш нәтиже жоқ.

Берік Көшербаев, тілші:

Бұл - ауылдағы емес, Шығыс Қазақстанның бас шаһары Өскеменнің дәл ортасында тұрған үш қабатты үйдегі пештің мұржасынан шығып жатқан түтін. Қазір мұнда 45 отбасы тұрып жатыр. Олар соңғы 20 жылдан бері пәтерлерін пешпен жылытып отыр.

Кәдірхан Мағазова қалада тұрса да, қыс айларына көмірдің мол қорын жинап алады. Бұл - оның күнделікті тірлігі. Аулада тұрған қорадан пәтеріне отын тасиды.

Кәдірхан Мағазова, Өскемен қаласының тұрғыны:

Күніне 4 шелек көмірді осылай үшінші қабатқа тасимын.

Кәдірхан Мағазова - алты баланың анасы. Күміс алқа иегері. Отбасымен осы үйде тұрып жатқанына 20 жылдан асты. Содан бері пәтерін пеш жағып жылытып отыр. 

Кәдірхан Мағазова, Өскемен қаласының тұрғыны:

Таңертең, кешке жағамын. Кейде үзбей жағылады. Өйткені, үй үлкен. Кішкентай бала бар. Әкімдер келіп, уәдені үйіп-төгіп кетеді.

Жылуға зәру зейнеткерлер жергілікті билік өкілдерінен талай рет көмек сұрағандарын айтады. Көмір тасып, от жағуға шамасы келмеген қариялардың көбі соңғы кезде электр пештерін қолданады.

Бұл әдіспен үйді жылыту әрине, қиын емес. Тек қалта көтерсе болды.

Надежда Кузнецова, Өскемен қаласының тұрғыны:

Зейнетақымның тең жартысын электр қуатының ақысына жұмсаймын. Ай сайын 15-20 мың, ал, қатты аяздар кезінде 25 мың теңгеге дейін шығады. Жергілікті билік өкілдерінен тым құрыса қыста электр қуатының тарифін төмендетуді өтіндік. Жарайды деп кеткен. Бірақ, содан бері бізге төбе көрсетпей жүр.

Бұл үйдің жағдайын шенділер жақсы біледі екен. Мәселені шешуге болатынын да айтады. «Ол үшін тұрғындар өз күштерімен үйдің жертөлесі мен пәтер ішіндегі жылу жүйесін қайта қалпына келтіруі тиіс», дейді. 

Владимир Головатюк, қала әкімінің орынбасары:

Біз орынсыз уәде берген жоқпыз. Сонымен қатар, бюджеттің қаражатын негізсіз шығындамаймыз. Алдымен үйдің ішіндегі жылу жүйелерін жөндеу қажет. Сосын жылу да беріледі.

Облыс орталығының шенеуніктері бұл ұсынысты 2008 жылдан бері айтып келеді екен. Жылуға зәру болған осы үш қабатты үйді және оның қасындағы қос қабатты 4 үйді орталық жылу жүйесіне қосу үшін қанша қаражат қажет екенін де есептеп көріпті.

Бірақ, бұл бастама жүзеге аспай қалған. Ал, қыс бойы пәтеріне көмір таситын қариялар үміттерін үзбей, бір жақсылықтың болатынын күтіп отыр. 

 

Берік КӨШЕРБАЕВ

Хабарламаларға жазылу