Қалқаман Сарин – бірнеше халықаралық, республикалық жыр-мүшәйраларының жүлдегері. Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, «Алтын қалам» әдеби сыйлығының жеңімпазы. ҚР Үкіметінің «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты. ҚР Жазушылар одағының мүшесі.
«Арманымның бейнесі» атты жыр жинағының авторы. «Жібек сезім – Жүрек сөзім» деп аталатын өлеңдеріне жазылған әндер мен өлеңдерінің авторлық үнтаспасын шығарған. Ел ішіне кеңінен танылған «Қызыма», «Күзгі бақ», «Жібек сезім», т.б. ән мәтіндерін жазған.
Назарларыңызға ақынның «Тәуелсіздік» және «Астана» өлеңдерін ұсынамыз.
Тәуелсіздік
Еркіндігім.
Қасиеттім.
Қастерлім.
Өзің барда өзегімде жоқ шер мұң!
Кеше сенің келбетіңді арман ғып,
Боданына бұғауландық басқа елдің.
Бабалардың басын тігіп бәйгеге,
Аналардың жанарына жас бердің!
Уа, Еркіндік,
қош келдің!
Өзегімді өртке ораған қоғамда,
Өз үйіме өзім өгей болам ба?!
Алшаң басып жүре алмаса алты алаш
Азаттығым! Қадірің де жоқ онда!
...Саған жету қиын болса қаншалық,
Сақтап тұру қиынырақ одан да!
Алла берген азаттықтың әр сәті-
Аманат қой
Маған,
Саған
Оған да!
Саясатқа сермей алмай семсерді,
Езгі күнге тері қылдым еңсемді!
Желтоқсанда жалын атып жастығым,
Құрсау болған темір қоғам теңселді!
Есте даңқы қыршындардың қалды ма,
Сексен алты ерлігім бе-ей, ең соңғы!?
Уа, еркіндік,
Құның немен өлшеңді!?
Уа, еркіндік!
Құның немен өлшенді?!
Сені көксеп
Боздақтарым өлсе өлді!
Сенсің менің ең ғажайып өлеңім,
Ең шуақты,
Ең шырайлы,
Ең шерлі!
Әр таңыңды сүйіншілеп тұрайын-
Құдай берген ғұмырымда өлшеулі!
Астана
Астанам! Ару қалам, асқақ ордам,
Қалың жұрт, қазағыма қақпа болған.
Ту ұстап, тұлпар мінген бабаларым,
Бермеген ел намысын жатқа қолдан.
Бозоғым, бозбеткейлім, баққа оранған,
Тарихтың қойнауынан тапқан олжам.
Баянды бақытымның бастауындай,
Айналдың Астанаға аппақ арман...
Жар болып Жаббар Ие жалғыз ғана,
Ғасырға аяқ бастық ал біз жаңа.
Сұрланып сырт айналған суық көздер
Қарайды әлі саған сәл қызғана.
Көш келді Қараөткелге өр тұлғалы,
Кеңесін ерлерімнің ел тыңдады.
Тұлғасы бой көтерді Хан Кененің
Жарасып жарқ-жұрқ еткен ер-тұрманы.
Ертеңің ұлтын сүйген ұлыңа сын,
Қашанда еркіндіктің құны басым.
Керіліп кербез далам көсіледі,
Сезініп бостандықтың шұғыласын!
Сан ғасыр армандаған Алаш бабам,
Жалғанды жалт қаратты жаңа Астанам.
Бірлікті байрақ етіп болашаққа,
Барайын, уа, Жаратқан, жол аш маған!