Тәуелсіздік күніне орай Ақмола облысының Аршалы ауданында қос бірдей әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. Соның ішінде, Ижевск селолық округінде 120 бүлдіршінге арналған «Есілжай» балабақшасы ашылса, Аршалы кентінде Жастар орталығы пайдалануға берілді.
Салтанатты шараға аудан әкімі Жомарт Нүркенов қатысып, жиналғандарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Айта кетейік, «Балапан» мемлекеттік бағдарламасы аясында ашылған «Есілжай» балабақшасының ашылуына бюджеттен 103 миллион теңге қаржы бөлінген. Қазіргі заманғы талаптарға сай салынған аталған ғимаратта бүлдіршіндердің тәлім-тәрбие алуына барлық жағдай жасалынған.