Тау басында тұрып ауызсу азабын тартқан ауыл. Райымбек ауданы Тұйық ауылының тұрғындары 13 жылдан бері тіршілік нәрінен тарығып келеді. Елді мекенде күнелтіп жүргендердің дені егде тартқан жандар.
Олар жазды күні арба, аязды қыста шана сүйреп, бір шақырым жерден су тасып ішуге мәжбүр. Тегіс жолда болса бір сәрі, өрге шығып қайта сайға түсу қариялар үшін жан азабы. Бұдан басқа да ауылда қордаланған мәселелер жетіп артылады.
Шындықты айтып, ашуға булыққан ақсақалдар Мәдениет үйі де жарамсыз күйге түскенін көрсетті. Расымен, мәдениет ошағының қабырғасы қақырап, іргесі сөгіліп тұр.
Мұнда жас балалар қазақша күрес үйірмесіне келеді екен. Тұрғындар балаларымызды спортқа қатыстырмауға тырысамыз, дейді. Өйткені, шатыры опырылып құлап кете ме деп алаңдайды.
Сәкен СЕЙІТХАНҰЛЫ