Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев Алматыдағы сапары барысында «Казлегпром-Алматы» тігін фабрикасын аралады. Сондай-ақ, Алматы үлкен айналма автожолының және қайта жөнделіп жатқан «Алматы-Қапшағай» тасжолының ахуалымен танысты.
«Алматы – Қапшағай» трассасының 63 шақырымы 6 жолақты, 41 шақырымы 4 жолақты болып қайта жаңғырады. Автомагистраль цемент-бетон жамылғысымен жабылып бірінші санаттағы техникалық норматив бойынша салынады. Жалпы құрылыс жұмыстары 2016 жылы аяқталады.
Алматы-Қорғас бағытындағы «Батыс-Қытай-Батыс-Еуропа» дәлізіне апаратын жол құрылысы да 2016 жылы аяқталады деп жоспарланған. Жолдың ұзақтығы - 305 шақырым.
Жеңіс Қасымбек, Инвестиция және даму вице-министрі:
«Батыс-Еуропа-Батыс-Қытай» дәлізі Қазақстан арқылы ұзындығы – 2800 шақырым. Бес облыс арқылы өтеді. Ақтөбе, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облысы және Алматы облысы. Алматы облысында «Алматы-Қорғас» бөлігі. 4 облыста жұмыстар бітті. Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Ақтөбе облысы. 2016 жылы бұл дәліздің жұмыстары толық бітеді деп жоспарлап отырмыз.
Нұрлан НАУРЫЗАЛИЕВ