Маңғыстау - мұнай мен газға бай аймақ, сондықтан нақ осы саланың мандары мұнда жұмыссыз қалмайды. Өңірдегі көлік логистикасы, туризм мен құрылыс салалары кенжелеп қалмас үшін, жаңа жұмыс орындарын ашу қажет. Бұл ретте «Жұмыспен қамту - 2020» мемлекеттік бағдарламасының пайдасы зор. Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықованың өңірге сапары кезінде осы мәселелер сөз болды.
Маңғыстау облысында 3 пен 6 жас аралығындағы бүлдіршіндердің 72 пайызы балабақшамен қамтылған. Халық саны қарқынды өсетін өңірде бөбекжайға деген сұраныс әлі де жоғары. Әсіресе, жарымжан балғындарды емдеп, сауықтыру әрі сауатын ашу үшін арнайы мекемелер қажет-ақ. Бұл ретте Ақтаудағы №1 көру қабілеті нашар балаларға арналған балабақшаның тәрбиелеу әдісі үлгі болады. Бір басында бірнеше сырқаты бар 130-ға жуық балғынды 30 педагог жіті қадағалайды.
Шәмшәгүл Раисова, көру қабілеті бұзылған балаларға арналған №1 арнайы балабақшасының басшысы:
Нәтиже өте жақсы. Себебі, медициналық аппараттардың барлығы 21 ғасыр талабына сай. Сондықтан, биыл 74 баланы облыстық тексерістен өткіздік. 74-тің 41-і балабақшадан шығарылды. Жалпы білім беретін мектеп, балабақшаларға қабылданды.
Облыста 141 білім ошағы бар. Соның 4-уі әлі күнге 3 ауысыммен оқиды. 2-уі апаттық жағдайда. Білім саласындағы тағы бір мәселе-кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарына дуальды жүйені енгізу. Аймақтағы 16 колледж осы жүйенің элементтерін кадр даярлауға пайдаланған. Нәтижесінде Маңғыстау туризм колледжінің мамандарына сұраныс артады.
Нұргүл Жекенбаева, студент:
Мамандығым – гид аудармашы. Халықаралық қатынастар саласында жұмыс істеуді мақсат етемін. Шетелде үлкен тәжірибе жинап, еліме қызмет еткім келеді.
Маңғыстаудағы жұмыссыздық мәселесін шешу үшін жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша соңғы 3 жылда 9,6 миллиард теңге бөлінген. Биылдың өзінде 2,6 миллиард теңге жұмсалды.
Гүлшара Әбдіхалықова, ҚР Премьер-Минстрінің орынбасары:
200 миллион теңге шағын несие беріліп жатыр. Бұл өңірдің потенциалы бар. Сондықтан да, шағын несиені көбейтуіміз керек. 25 мың өзін-өзі қамтамасыз ететін азаматтардың 9 мыңы әлі де өнімді іспен айналыспайды.
Жұмыспен қамту бағдарламасы аясында биыл облыстағы 2 мыңдай адам еңбекпен қамтылған. Бағдарламаға қатысушылардың 70-і жеке кәсібін ашып үлгерді.
Жазира ӘБІЛ