Халықаралық жол – халық игілігі үшін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Халықаралық жол – халық игілігі үшін

08.10.2014
Халықаралық жол – халық игілігі үшін

Ғасыр жобасы атанған «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің 628 шақырымы Ақтөбе аумағы арқылы өтеді. Жобаның игілігін қарапайым халық көріп отыр.

«Жол қадірін жүрген білер!» Жарқынбек Тойшиевтің жүк көлігін  тізгіндегеніне 15 жылдан асыпты. Еуразия құрлығының көп аймағын аралаған тәжірибелі жүргізуші жолдың жайын жақсы біледі. Ол жаңадан салынған халықаралық көлік дәлізінің Еуропа елдеріндегі жолдардан кем түспейтінін айтады.

Жарқынбек Тойшиев: жүргізуші:

Бұрынғыға қарағанда қазір жақсы жол. Баратын жерімізге бұрынғыдан ерте барып жатырмыз. Жол жақсы, Қазақстан елімізге рахмет!

Басқа өңірлерге қарағанда жол құрылысы Ақтөбе облысында бірінші болып аяқталды. Бұған өңірдің техникалық қуаттылығы, сондай-ақ, жол құрылысына қажетті материалдардың жеткілікті болуы да ықпал етті.

Бағлан Баймағамбетов, «ҚазАвтожол» ҰК» АҚ Ақтөбе облыстық филиалының директоры:

Құрылыс кезінде мыңдаған адам жұмыс жасады. Біздің Ақтөбе облысы бойынша. Қазір сол мамандар Ақтау, Атырау, Ақмола облыстарында осы жол саласында жұмыс жасап жатыр.

Бастысы, еліміздің Қытай, Ресей және Еуропа елдерімен арадағы тауар айналымын еселеп арттыруға үлкен мүмкіндік жасалды. Жол құрылысы кезінде ірі қалалардың даму қарқыны да ескерілген.

Жақсыбек Кемал, тілші:

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай»   халықаралық көлік дәлізінің бір тармағы – Ақтөбе қаласын солтүстік жағынан айналып өтетін жол. Ұзындығы 40 шақырым. Бойында 4 көпір мен 3 өткел бар. Оның бірі Ақтөбе қаласынан Ресейдің Орынбор облысына шығатын тұста салынған. Ендігі кезекте оңтүстік айналма жол. Оның қашықтығы 37 шақырым.

Бағлан Баймағамбетов, «ҚазАвтожол» ҰК» АҚ Ақтөбе облыстық филиалының директоры:

Бұл жол өте қажет. Себебі, Самара-Шымкент пен Астрахань жолын жалғастырады. Ары қарай Самарадан бастап, сонау теңіз бойындағы елдерге тез жетуге мүмкіндік болады.

Жол – ел экономикасының күретамыры. Халықаралық көлік дәлізі  бойында 27 сервистік қызмет көрсету орталығы жұмыс істеп тұр. Қазір сегіз кәсіпкердің өтініші қаралуда. Болашақта автожол аймағында туристік кластерді дамыту жоспарда бар.

Жақсыбек КЕМАЛ

 

Хабарламаларға жазылу