Осыдан біраз уақыт бұрын қызылордалық Әселхан Әлиақпарқызы бізге тікелей эфир кезінде хабарласқан болатын. Көрерменді толғандырған мәселе бойынша меншікті тілшіміз зерттеу жүргізіп көрген еді. Шағымданушының айтуынша, аймақтағы тері-венерологиялық ауруханасының тоз-тозы шыққан, жағымсыз иістен ғимарат ішіне кірудің өзі қиын. Асхана мен дәретхана бір дәліздің бойында орналасқандықтан, санитарлық талаптар сақталмайды, деген еді.
Осы мәселеге қатысты біз жауапты сала өкілдерінің де пікірін білген болатынбыз. Сол кезде диспансердің бас дәрігері күрделі жөндеу жұмыстардың жүргізіліп жатқанын айтты. Бұл мәселе бойынша Ұлттық арнаның өңірдегі тілшісі емдеу орнында болып, кемшіліктерді түзету үшін жүргізіліп жатқан жұмыстарды көрді. Жауапты сала басшылары ғимарат осы жылдың қарашасына дейін жаңартылып бітеді, деп сендірді.
Гүлжан ҚАЛТАЙҚЫЗЫ