Тәуелсіздік – бабалар аңсаған арман - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тәуелсіздік – бабалар аңсаған арман

03.10.2014
Тәуелсіздік – бабалар аңсаған арман

Тәуелсіздік күні - Қазақ елі үшін ардақты мерекелердің бірі. Бабалар аңсаған азаттықты көркем тілмен өрнектеген жазушы, әнге қосқан сазгер,  рухты жырын арнаған ақындарымыз баршылық. Осынау қастерлі ұғымды жүрек соғысымен өріп, қалың оқырманның ыстық ықыласына бөленген ақындардың бірі һәм бірегейі - Серік Ақсұңқарұлы.

Біздің анықтама:

Серік Ақсұңқарұлы – 1950 жылы 29 наурызда Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Қызыларай ауылында  дүниеге келген. Қарағанды педагогикалық институтын, әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін тәмамдаған.

Ақтоғай аудандық «Арқа еңбеккері», Қарқаралы аудандық «Коммунизм таңы» газеттерінде тілші, бөлім меңгерушісі, Қазақстан Жазушылар одағы Қарағанды-Жезқазған облысаралық бөлімшесінің жауапты хатшысы қызметін атқарған.

«Көктем тынысы» («Жазушы», 1975), «Қарлығаш» («Жалын», 1981), «ХХ ғасырдың жиырма сәті» поэмапанорамасы («Жалын», 1990), «Ғасырлар кардиограммасы» («Жазушы», 1991) кітаптары, «Адам Ата – Һауа Ана» («Қазақстан», 2000), «Өмір деген күнді айналу» («Жазушы», 2005), «Төбемнен жауһар жауып тұр» (2005), «Қыпшақ хиссасы» («Қазығұрт», 2008), «Қараорман» (2012) атты өлең-поэмалар жинағы жарық көрген.

Ш.Петефи, А.Пушкин, П.Шелли, А.Ахматова, М.Цветаева, Е.Евтушенко, А.Вознесенский, Р.Рождественский, т.б. шетел ақындарын қазақшаға тәржімалады. «Мәдениет қайраткері» төсбелгісімен марапатталған.

 

ҚАЗАҚ

 

Көк Тәңірі – Көгімде.

Көк Түркі – Жерде еді.

Бір кие бар менің тегімде.

Кеудемді керім жыр кернеді.

Ой қырда алуан ой кештім,

Өлеңнен өңге бір сөз білмей.

Көктегі Тәңірмен сөйлестім,

Жердегі жәндікті көзге ілмей.

Дүниеден көңілім баз кешті,

Сөзіме тұщынды қай керең?

Жолымнан Мұхаммед кездесті,

Исамен жолықсам қайтер ем?!

«Құдайдың ұлы» деп... ел неге

Құлап жүр Кресті жалап құр?!

Тіріде бас имен пендеге,

Көгімнен Көк Тәңірі қарап тұр!

Жүрекке Құраннан қонды аят,

Жаным мен қанымда ғажап – көп.

Қалмақ та, шүршіт те болмай-ақ,

Түркіден кеттім де Қазақ боп,

Аярдан Алашты тірі ап қап,

Аспанның астын бір шайқағам,

Маяковскийді бір аттап!

Мағжанға кеп тұрмын қайтадан.

 

31.01.2005

 

АЗАТТЫҚ

(П.Эльюардың әуенімен)

О, Азаттық!
Көгілдір көктің жиектерінде де,
Қорқыт-қобыздың тиектерінде де,
Қара жерде осы қабірі қалмаған
Мағжандардың сүйектерінде де,
Жазулы Сенің жырларың.

Аэропорттар мен гавандарыма да,
Запыран құсқан замандарыма да,
Қыршындарымды қырып тастаған,
Азалы анау алаңдарыңа да
Жазармын Сенің жырыңды!

Молалар мен мазарыңа да,
Қасіреттен туған ғазалыма да,
Қазақтың басын саудаға салған
Қаптаған қара базарыңа да,
Жазармын Сенің жырыңды!

Оң қолыма да, сол қолыма да,
Асфальт һәм айдау жолдарыңа да,
Қытайдың ұлы қорғанына да,
Орыстың жасыл орманына да,
Нефедовтардың қалтасындағы,
Қапшығындағы долларына да,
Жазармын Сенің жырыңды!

Жасындар жауған сөз өткеліңе де,
Ғасырдың соңғы мезеттеріне де,
Алаштың басын арбаған апиын
Транзит-секс газеттеріне де,
Жазармын Сенің Жырыңды!

Шалқар жерімнің шалғайына да,
Толысып тұрған тал-қайыңға да,
Әкімдеріңнің креслосына да,
Ақындарыңның таңдайына да,
Жұлдыздарымның сәулесіне де,
Ұл-қыздарымның маңдайына да,
Жазармын Сенің жырыңды!

Далама, таудың жартасына да,

Каспийге, Арал, Балқашыма да,
Дүрліккен мұхит толқындарымен,
Дүниенің саяси картасына да –
Жазармын Сенің жырыңды!

Ақ жүрегімді арыма қарып,
Жаһанды күллі жаныма алып,
Алдыма алып, аппақ қағазды,
Қаламды қызыл қаныма малып,
Жазармын Сенің жырыңды!

***

Көк Түркінің арын сатпан!
Көк Бөрінің жұрты – біз, деп
Түркі Жыры әлімсақтан
Келе жатыр Түркіні іздеп.

Тау-тас – алтын қазығында,
Қалмай, қайран, елім бүгін,
Күлтегіннің Жазуындай
Күңіреніп тұр менің жырым.

10.05.2006 ж.

 

АЙНАЛАЙЫН, АЛАШ-АНАМ!

Көкірегің сенің де-арман, менің де-арман,
Өзіңдей елден ерек елім болған.
Ақсұңқар - әкем сенде күйеу болып,
Һалифа - шешем сенде келін болған.

Ез демей,
Туған күні-ақ ер дегенсің.
Қамшымды күміспенен зерлегенсің.
«Серік», деп,
Есімімді өзің қойып,
«Әлди»-леп,
Бесігімді тербегенсің!

Жүрекке жұрттың мұңы барып қонған,
Алашта менің алдым жарық болған.
Құдықтан құлайын деп тұрған кезде,
Құлақтан, Сенсің--
Ұстап алып қалған!

Меруерт, алтын, гауһар-алқаң болған,
Кіндіктен топыраққа арқаңдалған,
Мен Сенің Жамбылыңмен мағым ұрланып,
Мен Сенің Абайына аң-таң қалғам!

Баяғы дүние жоқ, баяғы ауыл,
Қонатын алтын бекет таяды-ау бір.
Келеді арып-ашып ат үстінде,
Толғатып Алаш Анам
Аяғы ауыр!

Көкте-Күн,
Көңілімде-қанағатым,
Жаһаннан жан берісіп, жан алатын
Мен іздеп келем ұлы Әлиханның
Түсіне кірген Түрік Қағанатын!

Айдыны - аққу қонған Ғажапстан,
«Қазақ!» деп қаңқылдайды қаз алыстан.
Аспанда Алла - жалғыз,
Жер бетінде
Сен-жалғыз,
Айналайын,
Қазақстан!!!

Хабарламаларға жазылу