Бельгияда Арнайы Олимпиадалық Жазғы Еуропа ойындары басталды
Бельгия астанасы Брюссельде Арнайы Олимпиадалық Жазғы Еуропа ойындары басталды.
Интеллектуалды мүмкіндігі шектеулі жандар арасында төрт жылда бір ұйымдастырылатын Олимпиадада еліміздің намысын 41 спортшы қорғауда. Жерлестеріміз айтулы бәсекеден құр қол қайтпаймыз деп отыр.
Олар құйқылжыта ән салады, мың бұрала билейді, аспанда қалықтап, қиын деген акробатикалық трюктерді де орындай алады.
1968 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан Арнайы Олимпиадалық ойындардың мақсаты да сол-даун синдромы, басқа да ауытқулармен дүниеге келген балғындардың өмірге деген құлшынысын арттыру. Спортпен шұғылданып, денсаулығын түзеуіне мүмкіндік жасау.
4 жылда бір өтетін шараны Бельгия бірінші рет ұйымдастырып отыр. Мемлекет үшін аса мәртебе болғандықтан,елдің ханымы Матильда, премьер-министрі Элио Ди Рупо мен халықаралық ұйымдардың басшылары қалмай келді. Көптің ішінен көк киіммен қазақстандық делегация көзге түседі.
Олимпиадаға қатысушы:
Мен баскетболға қатысқаныма екі жыл болды. Баскетбол ойнағанды жақсы көремін. Осындай жарысқа қатысып жатқаныма қуаныштымын. Бапкерлерге алғысымды білдіремін.
Дүбірлі додаға бұл жолы әлемнің 58 елінен 2 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі спортшы қатысып жатыр. Байрақты бәсекеде Қазақстанның намысын 41 жерлесіміз қорғайды. Олардың дені-мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған мектеп-интернаттардың балғындары.
Зағипа Балиева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Біздің мемлекетте 155 мың осындай балалар бар. Өкінішке қарай, ұйымдастырылғаны тек 15 мыңы ғана. Қазір Үкімет көңіл бөліп, көп қаражат бөлінетін болды. Олар қазір өкінішке қарай, ата-анасының қасында, үйлерінде отыр. Интернаттар аздау, спортпен шұғылданбайды. Сондықтан бұл мәселеге көңіл бөлу керек.
Арнайы Олимпиаданың мақсаты - мықтыны анықтау емес, интеллектуалдық дамуы тежелген балаларды өмірге бейімдеу.
Яғни, спортшылар бір аптаға созылатын додада футбол, баскетбол, үстел тенисі, жүзу және жеңіл атлетика сынды спорттың 10 түрінен шама-шарқыларынша өнерлерін көрсетеді.
Былтыр Оңтүстік Кореяда өткен Олимпиадада 28 медальды иеленген жерлестеріміз Бельгиядан да құр қол қайтпаймыз-деп отыр.
Нұрсұлу ҚАСЫМ
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы