Амангелді ауылы тіршілік нәріне зәру - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Амангелді ауылы тіршілік нәріне зәру

15.09.2014
Амангелді ауылы  тіршілік нәріне зәру

Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданына қарасты Амангелді ауылы  тіршілік нәріне зәру. Мұндағы  жұрттың күні қазір  жалғыз құдыққа қарап қалған.

Ал, «Таза су» бағдарламасымен тартылған құбырлар суы кермек тартып,  ішуге жарамсыз, дейді. Судың азабын тартқан ауыл тұрғындары біздің арнамызға хабарласып, көмек сұрады.

800-ден аса тұрғыны бар Амангелді ауылына  төрт жыл бұрын су құбырлары тартылған. Алайда, «Таза су» бағдарламасымен берілген жерасты суы ащы болып шыққан.

Қанша тұндырғанмен, ол суды ішу мүмкін емес, дейді жергілікті халық.  Ал,  облыстың СЭС мамандары оны  ішуге мүлдем  жарамсыз деген қорытынды жасапты. 

Гүлбахрам Әлішбаева,  Амангелді ауылының тұрғыны:

Күн ыстықта ысып тұрсын деп бөтелкеге құйып қойсақ, оның іші қызарып кетеді. Ішінің бәрі құрт. Осы ауыл тұрғындарының барлығының бүйрегі, өті ауырады.    

Жерасты суын жинайтын  темір бөшке де  бірнеше жерден тесіліп қалған.  Жіппен байлап, сағызбен жамағанымен, жиналған судың жартысы жан-жаққа ағып кетеді.

«Оны елеп жатқан билік жоқ». Ауылдағы ағайын осылай, дейді. Қазір амангелділіктерді аман алып қалып тұрған бұрын қойшылар үшін қазылған ауылдағы жалғыз құдық. 

Айнұр Ақбаева, тілші:

Мұндағы таза суды алу үшін таң атысымен кезекке тұрады. Сөйтіп, ауылдағы мына жалғыз құдықтан су алады. Ал, ауылда су таситын жалғыз көлік есектер болып тұр. Себебі, үйге жеткенше, суды төкпей-шашпай, үнемдеп алып бару керек. 

Оның өзінде жаздыгүні су тартылып, қатты қиналамыз, дейді. Сапасы да күмән туғызады. Себебі, құдықтағы судан жиі құрт шығады екен.

Захира Жанысбекова,  Амангелді ауылының тұрғыны:

Бала-шағамыздың қыста табанынан суық өтеді. Жазда бастарынан күн өтеді. Есекпенен сол жерде кезекте тұрамыз. Осы мұң-мұқтажымызды орындаймыз, деп кетеді. Бірақ, одан ешқандай жәрдем жоқ.

Жүзге жуық түтіні бар ауылдың ақсақалдары жағдайды айтып бармаған жеріміз  жоқ. Биліктен сан рет көмек те сұрадық. Бірақ, нәтиже шығар емес. Жыл сайын уәде берумен алдап келеді, деп өкпелі.

Әубәкір Ермекбаев, Амангелді ауылының тұрғыны:

Бұл жөнінен облыс әкімі, облыстық «Нұр Отан», содан кейін облыстық мәслихат хатшылары барлығы хабардар. Ал енді аудан әкіміне талай рет айттық. Тыңдайтын адам емес бұлар.

Бақтияр Мамаев, Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары:

Су жалпы ащы екенін білеміз. Ол жерге мембрана су тазартқыш қондырғысын былтыр жоспарлап, биылға қаражаты қаралып, жеңімпаз анықталған соң, екі аптаның көлемінде оны қойып, орнатып береміз.

Ауызсудан тарыққан Амангелді ауылының тұрғындары  осылайша қиындықтың құрсауынан шыға алар емес. Енді оларға әкімдердің берген уәдесін күтуден басқа амал қалмай тұр. 

Айнұр АҚБАЕВА 

Хабарламаларға жазылу