Ата-аналарға психологиялық көмек көрсетіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ата-аналарға психологиялық көмек көрсетіледі

13.09.2014
Ата-аналарға психологиялық көмек көрсетіледі

Ертең ел аумағындағы барлық мектепте 1-сынып оқушыларының ата-аналарына арналған конференция өтпек. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде Отбасылық тәрбиелеу институтының директоры Софья Евдокимова мәлімдеді.

Баласы мектеп табалдырығынан аттаған ата-ана қандай қиындықтарға тап болуда? Одан шығудың жолы қандай?  Бұл мәселелердің түйінін психолог мамандар тарқатып айтатын болады.

Жиынға шамамен 170 мыңдай ата-ана қатысады деп жоспарлануда. Айта кетейік, елімізде отбасылық психологтар тапшы. Ертеңгі жиын осы олқылықтың орнын толтыруды көздейді. Отбасылық тәрбиелеу институтының 250-дей психологы ата-аналармен кездесуге дайын.

Софья Евдокимова, Отбасылық тәрбие беру институтының директоры:

Біз мамыр айында мектеп бітіруші түлектердің ата-аналарын жинадық. Сынақ кезінде баламен қандай қарым-қатынаста болу керектігі жөнінде кеңес бердік. Нәтижесінде тестілеуден кейін ел аумағында өз-өзіне қол жұмсау тәрізді бір де бір келеңсіз жағдай тіркелген жоқ. Ал, психологиялық көмекті ата-аналарға баласы мектеп табалдырығынан аттаған күннен бастап берсек ұтармыз көп болмақ.

 

Шынар АСАНҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу