«Жастар және Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымы. Қатысу мәдениетінің қалыптасуы». Осындай атаумен бүгін Алматыда Орталық Азия жастар желісінің сегізінші семинары басталды.
Дәстүрлі шараға жылда қатысатын Орталық Азия елдерінен бөлек биыл Ауғанстан мен Монғолияның 50-ге жуық жастар мен белгілі сарапшылары қатысып, жаһан жастарына ортақ мәселелерді талқылады.
Атап айтқанда, қазір әлемді алаңдатқан миграция, жұмыспен қамту мәселелерінен бөлек, өз аймақтарына төнген қауіп-қатер мен кедергілерді еңсерудегі жастардың рөлі, өз елдері мен аймақтың саяси, әлеуметтік-экономикалық, азаматтық дамуына қатысуын күшейтуді ортаға салды.
Бірғаным Әйтімова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Дүниежүзінің жастарын жұмыспен қамтамасыз ету – бұл бүгінгі жағдайдағы күрделі және қауіпсіздікке байланысты сұрақ. Егер олар жұмыспен қамтылса, онда ешқандай экстремизм, терроризм, нашақорлық, қылмыс болмайды. Олардың ойлары тек жұмыс деңгейін әрі қарай күшейту, жақсарту және дамытуға бағытталады.
Наталья Зарудна, ЕҚЫҰ орталығының басшысы:
Жастар - біздің болашағымыз. Егер жастар өмірде белсенді, білімді, әлемді жақсы жағына қарай өзгертуге қабілетті болса, онда біздің Орталық Азия аймағының келешегі баянды болмақ. Сондықтан біздің орталық пен ЕҚЫҰ осыдан 10 жыл бұрын Орталық Азия жастар желісін құрған.
Осы жылдарда байқағанымыз, желі аясында жастар бір-бірімен тығыз қарым-қатынас орнатып, елдер арасындағы ынтымақтастықтың бекуіне сеп болуда.
Ұлттық қауіпсіздік, толеранттылыққа тәрбиелеу, гендерлік саясат сынды ортақ мәселелерді жаһандық деңгейде ойлап, бірге шешуге тырысады.
Жазира ИСАЕВА