Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданында төрт елді мекенді таза ауызсумен қамту үшін миллиондаған қаражат бөлінген.
Алайда, ондағы ағайын әлі күнге суға жаритын емес. Бұл мәселені Елбасы Үкіметтің кеңейтілген отырысында қатаң сынға алған болатын.
Төңкеріс ауылының тұрғыны Дүрияш Әдембаева күнделікті арықтан су алып, тұнытып қояды. Талай жылдан бері көрген күні - осы.
«Бірақ, қанша әрекеттенгенмен, судың лайлығы кетпейді», дейді. Соған қарамастан, оның отбасы осы суды пайдалануға мәжбүр.
Дүрияш Әдембаева, Төңкеріс ауылының тұрғыны:
Балалардың денсаулығына зиян. Ойнап кетіп бара жатқан балалар суды осы жерден ішеді.
Мұндағы тұрғындар жаздыгүні арықтан ішсе, қыста суды шұңқырларға сақтап ішеді.
Сарыағаш ауданына қарасты Жартытөбе ауылдық округіндегі Төңкеріс, Құрама, Ынтымақ және Достық 1-2 елді мекендеріне ішкі су жүйелері тартылып қойған.
Алайда, қыруар қаржы жұмсалған құбырлар бос тұр. Мұны жергілікті әкімдер білгенімен, су беруге асықпайды. Сондықтан, Елбасының өзінің араласуына тура келді.
Ал, аудан басшылары кінә «Қазсушар» мекемесінен дейді.
Олардың айтуларынша, ауылдағы ішкі су жүйелері тартылғанымен, магистральды су құбырын салуға қажетті 168 миллион теңге бөлінбей қалған.
Смайыл Тасқұлов, Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары:
Мемлекеттік «Қазсушар» мекемесі Ауыл шаруашылығы министрлігінде, одан кейін Қоршаған ортаны қорғау министрлігінде болды. Сөйтіп, әр министрлікке өткен сайын осындай жағдай туындады, деп ойлаймын.
Осы мәселеге орай арнайы тексеру шараларын жүргізген прокурорлар «Екі тарап та жұмыстарына жауапсыз қарап, бірлесіп жұмыс істемеген», дейді.
Балабек Асанбеков, Сарыағаш ауданы прокурорының аға көмекшісі:
Ол бойынша бірнеше лауазымды қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Одан бөлек, аудан әкімі орынбасарының қызметіне толық сәйкес еместігі туралы тәртіптік жазаға тартылды.
Жартытөбеліктерге жергілікті билік «Биыл су береміз», деп отыр. Қазір құбырлар тартуға қаражат бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізіле бастады.
Айта өтейік, Сарыағаш ауданында жалпы 154 елді мекен болса оның 49-ы әлі күнге тіршілік нәріне жарымай келеді.
Айнұр АҚБАЕВА