Атаның кәсібі - ұрпақтың нәсібі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атаның кәсібі - ұрпақтың нәсібі

01.03.2014
Атаның кәсібі - ұрпақтың нәсібі

Атасының кәсібі - ұрпағының нәсібі. Қостанай қаласының тұрғыны Айдын Диханбаев қамшы мен торсық жасауды кәсіп етіп, табыс тауып жүр. Бастапқыда қолөнерді әкесінен үйреніп, оны тек әуестік ретінде қабылдаған. Есейе келе атакәсіпті біртіндеп шағын бизнеске айналдырды. Қазір күректеп табыс таппаса да осы өнерінің арқасында өзін-өзі қамтып отыр. Жас жігіт келешекте кәсібінің аясын кеңейтуді көздейді.

 
24 жастағы шебер қайыс тіліп, кезекті бұйымын жасауға әзірленуде. Әдетте бұл жұмысын үйінде атқаратын Айдын, бүгін көркемсурет галлереясында отыр. Пәтердегі тар бөлме түсірілім жасауға ыңғайсыз болар деген оймен осындағы залды бірер сағатқа сұрап алыпты. Бұлай етуінің себебі де бар. Айдын жасаған бұйымдардың көрмесі мұнда жиі өткізіліп тұрады.
 
Бақыткүл Тұрымова, көркемсурет галлереясының қызметкері:
Ұмыт болып бара жатқан ұлттық нақыштағы өнерді жалғастырушы және оған жаңа реңк, заманауи ерекшеліктер беріп жасап шығаруда. Әрине, біз оның одан әрі өзінің шеберлігін шыңдауына, жеке көрмелерін ұйымдастыруға атсалысамыз.
 
Жас шебердің бұйымдары қоспасыз таза шикізаттан дайындалуымен ерекшеленеді. Терінің өзі ежелгі технология бойынша өңделеді.
 
Айдын Диханбаев, қолөнерші-кәсіпкер:
Торсықты ірі қара малдың шикі терісінен жасаймыз. Ал қайысты илеп, баяғы қазақтың технологиясы бойынша жасаймыз. Іркіттің сарысуына салып, оны 20 күн қойып, күніне екі рет араластырып отырамыз.
 
Алғашында Айдын Диханбаев қолөнерші ретінде ғана танылып, түрлі бәйгелерге қатысып, жүлде мен марапатқа ие болып жүрді. Ал былтыр жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, өнерін заңды бизнеске айналдырды. 
 
Айдын Диханбаев, қолөнерші-кәсіпкер:
Қазіргі кезде «Даму» қоры арқылы тегін курстар оқып жатырмын. Бұл жұмысты қалай жүргізу керек, қалай насихаттау керек? Маркетинг жағын да игеру керек. Сол жағынан тегін мемлекеттік көмек көп.
 
Шебер жігіттің ендігі көздегені ұтымды бизнес-жоспарын жасап, мемлекеттік грантты иелену. Бұл мақсаты жүзеге асса, кезі келгенде білгенін өз ұрпағына үйретіп, қолөнершілікті атадан балаға мирас болар кәсіпке айналдырмақшы.
 
Дәуренбек ӘБДІБЕК

Хабарламаларға жазылу