Мүмкіндігі шектеулі жандарға жүрек жылуы керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мүмкіндігі шектеулі жандарға жүрек жылуы керек

01.03.2014
Мүмкіндігі шектеулі жандарға жүрек жылуы керек

Соңғы жылдары Үкімет тарапынан мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көңіл бөлініп, тұрақты қолдау көрсету қалыпты үрдіске айналды. Әрбір өңірде оларды әлеуметтік ортаға бейімдеу мен тұрмыстық жағдайын жақсартуға бағытталған шаралар мықтап қолға алынды. Мәселен, Алматы облысындағы Іле ауданында кембағал жандарға арналған оңалту орталығы мен арнайы кабинет ашылды. Онда әрбір мүмкіндігі шектеулі жан мамандардан жеке кеңес алып, қажетті ем-дом қабылдай алады.

 
Кішкентай Айдана тағдырдың ащы дәмін ерте тартқанымен, басына түскен қиындыққа мойымайды. Жігері мықты бүлдіршін қалың қауым алдында ән айтып, сурет салғанды ұнатады. Талай тартысты байқауларға қатысып, көпті қоңыр даусымен тебірентіп жүр.
 
Айдана Сұлтамұратова, І топтағы мүгедек:
Мен жарыстарға қатысып, ән айтып мақтау қағазын алдым. Бұл жерде бәрін көріп дайындыққа қатыстым.
 
Бүгінде Іле ауданы бойынша 5141 кембағал жан бар. Олардың 600-ге жуығы Айданадай өмірге құштар бүлдіршіндер. Ал жаңа ашылған оңалту орталығы мен дене шынықтыру залы мүгедек жандардың мерейін асыратыны хақ. Себебі заманауи үлгідегі жабдықтар тек бұлшық еттерді жетілдіріп қана қоймай, адамның жүйке жүйесіне де септігін тигізеді.
 
Нұрлан Құматаев, Іле ауданы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы:
Аудан көлемінде біз 3 оңалту кабинеттерін ашып отырмыз. Боралтай кентінде, Жетіген ауылдық округында және осы аудан орталығында. Бүгінгі күні осы жердегі 276 балаға қызмет көрсетіп отырмыз.
 
Аудандағы осы сынды әрбір оңалту орталықтарында мүгедек жандармен дефектолог, логопед, психолог мамандар жұмыс істейді. Кембағал жандардың денсаулық жағдайына қарай емдеу шараларын жүргізіп, арнайы массаж жасайды. Сонымен қатар ауданда мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа тарту мәселесі де жөнге қойылған. Осы айдың өзінде 75-тен астам азамат қайта даярлау курстарынан өтіп, тұрақты жұмысқа орналасты.
 
Әйгерім МУСИНА

Хабарламаларға жазылу