«Нұр Отан» партиясының қатары толықты (толығырақ) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Нұр Отан» партиясының қатары толықты (толығырақ)

28.02.2014
«Нұр Отан» партиясының қатары толықты (толығырақ)
 
«Нұр Отан» партиясының мүшелері жаңа есімдермен толықты. Партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек мүшелікке кірген бір топ азаматқа  жаңа үлгідегі партия билетін тапсырды. Олардың арасында  танымал азаматтар мен өз қызметіне еңбек сіңірген білікті жастар да бар.
 
Кезінде «Әділет» деген партия болды.  Аты айтып тұрғандай, партия - әлеуметтік мәртебесіне қарамастан, барлығы да заң алдында бірдей деген қағиданы ұстанды. 
 
Саяси ұйым ұсынған әрбір құжат   еліміздің құқықтық кеңістігін сапалы етуге мүмкіндік берді. Енді міне, сол салмақты шаруалардың басы-қасында жүрген Мақсұт Нәрікбаев «Нұр Ортанға»  мүшелікке кірді.
 
Мақсұт Нәрікбаев, Қазақ гуманитарлық Заң университетінің президенті: 
Әлі де болса күш-қуат,  айтатын сөз бар екен. Байқап жүрген шығарсыздар, ешқандай партияда жоқ болсам да, БАҚ-тан түспеймін.
 
Қазіргі үдемелі экономиканың өзекті мәселесі - білім мен инновация.  Ал оны жасайтындар зияткер ұлт болашағы. Яғни, білімді жастар. «Нұр Отан» партиясының  саяси Доктринасында осы зияткер ұлт болашағына аса мән берілген. Жас маман Абзал Құрмановтың партия мүшесі атануына дәл осы жайт себеп болыпты. 
 
Абзал Құрманов, №6 Хромтау гимназиясының мұғалімі:
Білім, ауыл жастары мәселесін партия мүшелерімен бірігіп шешеміз, деп ойлаймын.
 
Бүгін партияға мүше болғандар ерекше партбилетке ие болды.  Жаңа үлгідегі билет пластикалық карточка тәрізді. Ондағы ақпараттар бірыңғай электрондық мәліметтер базасына енгізілген.
 
Аида Байгелова, Маңғыстау облыстық филармониясының әншісі: 
Мен де «Нұр Отан» партиясымен бірігіп, мәдениет саласына өз үлесімді қосуға күш саламын.
 
Ертең Талдықорғанда үлкен той. Себебі, «Нұр Отанның» партбилетін Асхат Хасеновтің ауылында бұған дейін ешкім алмаған. Ауған соғысы ардагерін  Астанаға бүкіл ауыл болып шығарып салуы да сондықтан.  
 
Асхат Хасенов, Ауған соғысының ардагері:
Мына партбилетке тек жанұям ғана емес, бүкіл ауыл қуанып жатыр. Үйге барған соң той болады.
 
 Партбилеттің көлемі шағын болғанымен, жауапкершілігі өте жоғары. Сондықтан мүшелікке кірген азаматтардың мойнына үлкен міндет жүктеледі.
 
Сәуле АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ   

Хабарламаларға жазылу