Тур де Франс жарысының 6-шы кезеңі артта қалды. Бұл кезеңде Германия шабандозы Андре Грейпель мәреге бірінші болып жетті. Ал Ресей командасының өкілі норвегиялық Александр Кристофф екінші болса, француз Самюэль Дюмолин үшінші. «Астана» командасы сапынан Якоб Фульсанг үздік ден танылды. Ал, команда капитаны Винченцо Нибали бұл кезеңде 18-ші нәтиже көрсетті.
Александр Винокуров, «Pro Team Astana» командасының бас менеджері:
Турде Франстың 6 кезеңі де мәресіне жетті. Тағы да жүйке жұқартатын кезең, демалуға мүмкіндік бермейді. Бұл кезеңде басталғалы жаңбыр себелеп, жел соғып тұрды, сөйтіп қайта жаңбыр жауып мазаны алды. Дегенмен бәрі сәтті өтті. Жігіттер үнемі бақылауда болды, Винченцо алдыңғы лекте. Сондықтан алдыңғы шепті ұстап қалуға тырысты. Команда жақсы жұмыс істеді. Арасында жігіттердің кейбірі артта қалып жатты, кешегі кезеңнен кейін Иглинский сәл баяу қимылдап келеді. Соңғы 10-15 шақырымды олар баяу жүріп өтті. Жалпы бәрі ойдағыдай. Сары жейдені сақтап қалдық.
Индира БЕКТЕНОВА