ӘЧ-2014: Финалда Германия мен Аргентина кездеседі
Футболдан Әлем чемпионатының екінші финалист командасының есімі белгілі. Енді «Маракана» стадионында өтетін финалдық ойында Германияға Аргентина құрамасы қарсылас атанды.
Өйткені, Лионель Месси бастаған жігіттер кеше Голландия құрамасын ойын соңынан кейінгі пенальти сериясында жеңіп кетті.
Ал, матчтың өзі сүреңсіз өтті. Қос команда толықтай шабуылға шықпай, негізгі ойынды қорғаныста өткізді. Бір-бірінің қателігін күткен футболшылар, бапкер тактикасын бұлжытпай орындады. Көрермен 120 минут бойы алаңға телміргенімен, соғылған голды көре алмады.
Жеңімпазды футболшылар ойын соңынан кейінгі пенальти сериясында анықтауды жөн деп тапты.
Алғаш болып соққы жасаған голландиялық Рон Влаар қақпашы Ромероға дәл тепті.
Ал, аргентиналықтар пенальтиеден ешқандай да қателік жібермеді. Коста-Рикамен болған ойында жолы болғанымен, голландиялықтар футболдың алма-кезек екенін Снейдердің гол соға алмаған сәтінде бір-ақ түсінді.
Айдар Махметов, «Астана» Президенттік кәсіпқой спорт клубының бас менеджері:
Меніңше, Германия мен Аргентина арасындағы ойын өте тартысты өтеді. Мен үшін Германия - осы чемпионаттың ең үздік командасы. Сондықтан бәрі жақсы болса, Германия жеңіске жетеді, деп ойлаймын.
Қайрат Көпбаев, жанкүйер:
Голландия футболшыларына психологиялық дайындық жетпегені пенальтиде байқалып қалды. Негізінен ойын өте қызық өтті. Ал, Германия мен Аргентинаның ойыны бұдан да қызықты болады деп ойлаймын.
Ермұхамед Мәулен, тілші:
Аргентина құрама командасы финалға жолдама алды. Енді олардың қарсыласы - Германия құрама командасы. Осыдан 24 жыл бұрын, 1990 жылы олар финалда кездескен болатын. Ол кезде Германия жеңіске жеткен. Ал, биылғы чемпионаттың нәтижесі қандай болатынын, тек ойында көре аламыз.
Ермұхамед МӘУЛЕН
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы