Ақпарат айдынына жол тартқан «KAZsport» арнасына - 1 жыл. Дәл осы күні Қазақстанның көк Туын көкте желбіреткен еліміздің мақтаныштары Мәскеу Олимпиадасының чемпионы - Жақсылық Үшкемпіров, Олимпиада чемпионы Ольга Шишигина, Олимпиаданың екі дүркін чемпионы Илья Ильин және шахматтан Әлем чемпионы Бибісара Асаубаева «KAZsport»-тың алауын тұтатқан болатын.
Қасиетті алауды сөндірмеу арнаның директоры Диас Ахметшәріпке табысталды. Ал, өз кезегінде арна ұжымы осы абыройлы міндеттің үдесінен шығу мақсатында талай тындырымды тірліктерді жүзеге асырды. «KAZsport» арнасы, алғаш рет ірі дүбірлі додаларды тікелей эфирде халық назарына ұсынды.
Диас Ахметшәріп, «KAZsport» арнасының директоры:
Тек футболдан Әлем чемпионаты ғана емес, сонымен қатар, басқа да спорт түрлерінен, Олимпиада ойындарынан, Әлем чемпионаттарынан, Азия чемпионаттарынан «KAZsport» арнасы трансляция жүргізетін болса, онда әрине, біз комментаторларымызды сол жаққа жіберіп, сол жерден тікелей ақпарат беруге бар мүмкіндіктерді қарастыратын боламыз.
Талай жанкүйердің басты арманы - шетелдік трансляцияларды қазақ тілінде тамашалау. Бүгінде сол арман орындалды деуге болады. «Тур де Франс», Сочи Олимпиадасы мен басқа да дүбірлі додалардың барлығында «KAZsport»-тың білікті мамандары еңбек етті.
Ал, футболдан Бразилия төріндегі доп додасында Қазақ телевизиясының тарихында тұңғыш рет біздің арнаның шығармашылық ұжымы футбол алаңынан тікелей эфирде матчтарды жүргізді.
«KAZsport» арнасы 1 жылдың ішінде ұлттық спорттың дамуына да ерекше үлес қосты. Бұрын-соңды болмаған бәсекелерді тікелей эфирде халық назарына ұсынды. «Қазақстан Барысы», көкпардан ашық Азия чемпионаты, аударыспақтан Азия чемпионаты - бұл «KAZsport» ұжымы қолға алған тың бастамалар.
Дамудың даңғыл жолына түскен жаңа арнаның алдына қойған мақсаты айқын. Ел мақтаныштарын халыққа танытып, денсаулық кепілі спортты дамыту.
Нұрсұлтан ҚҰДАЙБЕРГЕНҰЛЫ
Рустам БАЙДӘУЛЕТ