Басты Жаңалықтар Елімізде демалыс орындары көбейді

Елімізде демалыс орындары көбейді

Еліміздің көрікті аймақтары туристер үшін тартымды бағытқа айналып келеді. Көл жағасындағы демалыс пен тау туризміне сұраныс артып, инфрақұрылым да кеңейіп жатыр. Осылайша саяхатшыларға ұсынылатын қызмет түрлері де арта түсті.

Мәселен, жылдың алғашқы алты айында кәсіпкерлер 91 миллиард 200 миллион теңгенің қызметін ұсынған. Былтыр бұл көрсеткіш 82 миллиард теңгеге жуықтап еді. Туристерді қабылдайтын қонақүй, хостел мен демалыс орындарының саны да 1900-ден асты. Ал олар бір мезетте 122 мыңнан астам адамды қабылдай алады.

Курорттық аймақтардағы демалыс орындарының саны да әркелкі. Туристер Алматы тау кластерін көп таңдайды. Мұнда туристерді қабылдайтын 526 қонақүй мен демалыс орны бар. Жетісу облысындағы Алакөл жағалауында 226, Абай облысындағы Алакөлде 206, ал Щучье – Бурабайда 216 демалыс орны жұмыс істейді. Биыл жарты жылда курорттық аймақтарда 1 миллион 580 мың нөмір жалға берілген. Бір төсек-орынның орташа құны 18 мың 600 теңге шамасында.

Бүгінде Алматыда тау кластерін дамыту жобасы қарқын алған. Шымбұлақ, Қимасар, Бұтақты, Пионер және Ой-Қарағай аймақтары бірыңғай жүйеге біріктіріліп, тау инфрақұрылымы жаңартылады. Жоба сәтімен жүзеге асса, 15 мыңнан астам жұмыс орны құрылады. Бірыңғай ски-пасс жүйесі де енгізіледі.  Бұл туристердің  қысы-жазы саяхаттауына мүмкіндік береді. Мамандар жобаны 3 жылда аяқтаймыз деп отыр.

Еркебұлан Сағынғанов, «Almaty tau managment» ЖШС директорының орынбасары:

Болашақта мұның бәрі туристік ағымның көбеюі 3 есе көбейеді деп отырмыз. Ол шамамен 3 млн адамға жуық. Сингапурлық делегация келіп кетті. Одан бөлек Грузия мемлекетінен келіп кетті. Француздық фирмалар бар. Андорраның мекемелері бар. Солардың барлығы қызығушылық білдіріп жатыр. Бірақ бұлар жобаның басталып кетуін күтіп отыр.

Бөлісу