Таразда халықаралық сән көрмесі өтті
Таразда халықаралық сән көрмесі өтті. Шараға бес елден 18 дизайнер келіп, авторлық топтамаларын паш етті. Шара аясында сәнгерлер конференциясы мен форумы болып, қолөнершілер өнімдерін көрме арқылы көпшілік назарына ұсынды. Данияр Әлімқұл толықтырады.
Осылай Таразда тоғызыншы рет халықаралық «Аспара» сән көрмесінің шымылдығы түрілді. Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан және Қырғызстан дизайнерлері ұлттық нақыштағы өнімдерін паш етті. Қолөнершілер де туындыларын таныстырып, сатылымға да шығарды. Ал жасалу жолын шеберлік сағаттары арқылы көрсетті.
Раушан Иманәлі, «Қолөнер – Тараз» ҚБ төрағасы:
Біз басымдылықты жүнге қойғанбыз. Біз осы жылдың ішінде 20-ға жуық шеберлік сағаттарын өткіздік. Мен үйренемін деген кісілердің бәріне есігіміз ашық. Тегін өткіземіз. Тек қана келушінің үйренемін деген талпынысы болуы керек.
Ал форумда Әулиеата қолөнерінің әлеуеті айтылды. Әсіресе Жамбыл жерінде киіз, текемет басу өнері өркен жайған. Көнеден келе жатқан тоқыма тоқу түрі мен зергерлік те заманға сай жаңғырған. Бұл туристер үшін де олжа деді білгір мамандар. Айталық биыл жыл басталғалы Жамбыл жеріне 120 мыңнан астам турист келген. Көбіне Қытай, Жапония, Өзбекстан мен Ресейден адам ағылады. Бұл былтырғыдан 21%-ға көп.
Серік Әлменов, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары:
Бұл шарамыздың негізгі мақсаты - ұлттық код дейді ғой, ұлттық құндылығымызды, біздің мәдениетімізді дәріптеу. Елге паш ету. Кейінгі жас өскелең ұрпаққа өнегелілік көрсету болып есептеледі. Яғни жалпылама алғанда бұл біздің қазақтың мәдениетін қалыптастыру.
Айдархан Қалиев, дизайнер:
Біз ұлттық киімді тек мерекелерде ғана емес, күнделікті өмірде де үстімізден тастамауымыз керек. Сондықтан «Аспара» сән үйі неофольклор бағытында талмай еңбек етеміз. Яғни мақсатымыз - ұлттық киімдерді заманауи үлгіде тігіп, кию мәдениетін қалыптастыру. Ал осындай көрмелер арқылы этно нақыштағы киімдерді күнделікті киюге болатынын көрсетеміз.
Ал бұл - «Мұра коды» деп аталатын сән көрсетілімі. Мұнда 5 елден келген 18 дизайнер өздері тіккен топтамаларын таныстырды. Көрсетілімде көненің көзі мен бүгінгі стиль біте қайнасты. Заман талабына сай шырттай киіну шырайыңды кіргізеді деді сәнгерлер.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы