Ресейде жұмыс орындары қысқарып жатыр
Ресейде алты мыңнан астам компания қызметкерлерін қысқартқан. Сонымен қатар мыңдаған кәсіпорын шығындарын азайтуға көшті. Әсіресе өнеркәсіп, сауда, білім беру және мемлекеттік секторда кадрлық өзгерістер байқалады. Сарапшылар мұны экономикалық қысымның күшеюімен байланыстырады.
Осы жылдың екінші тоқсанында Ресейдің ірі және орта кәсіпорындарынан шамамен 2,5 миллион адам кеткен. Экономикалық қысымның күшеюіне бірнеше фактор әсер етіп отыр. Соның бірі – Батыс елдерінің санкциялық шектеулері. Ресей кәсіпорындары үшін шетелдік технологиялар мен жабдықтарды сатып алу, сыртқы нарықтарға шығу бұрынғыдан қиындай түсті. Бұған қоса, жоғары пайыздық мөлшерлемелер бизнестің несие алу мүмкіндігін шектеді.
Ольга Мещерякова, сарапшы:
Компаниялар да, қызметкерлер өзгерістерге дайын болмай шықты. Қазіргі жағдайда кәсіпорындар жан бағып қалу үшін әрекет етуде. Сондықтан қоғамға қажетті мамандар да екі қолға бір күрек таппай жүр. Бұл үрдіс әлі бір жылдай жалғасады.
Зерттеулерге сәйкес, отандық компаниялардың 58 пайызы алдағы уақытта да қызметкерлерге жұмсалатын шығындарды қысқартуды жоспарлап отыр. Кейбір кәсіпорындар жұмыс уақытын азайтып, қызметкерлерді толық емес жұмыс күніне ауыстыруға мәжбүр. Жалақы өсімі де баяулай бастаған.
Руслан Амиров, кәсіпорын басшысы:
Біз нарық жағдайында өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан барлық шектеу бізге әсер етіп жатыр. Өндіріс қуаттылығын төмендеттік, сондықтан жұмысшыларды да қысқарттық. Мемлекеттен субсидия берілсе, бізге жеңілірек болар еді.
Ресей үкіметі мәселені шешу үшін мемлекеттік қолдау бағдарламаларын кеңейту, шағын және орта бизнеске салықтық жеңілдіктер беру жағын қарастыруда. Дегенмен сарапшылар мемлекеттік қолдаудың өзі мәселені толық шеше алмайтынын айтады. Себебі кәсіпорындардың жағдайы тек ішкі саясатқа емес, сыртқы саудаға, инвестиция көлеміне және санкциялық шектеулерге де тәуелді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы