Цифрлық қауіпсіздікке үйрететін платформасы іске қосылады
Маңғыстауда тұрғындардың қаржылық және цифрлық сауатын арттыруға арналған «Saq Bol» платформасы іске қосылады. Жоба интернет-алаяқтықтың алдын алып, азаматтарды желідегі қауіп-қатерден қорғануға үйретеді. Бұл туралы Ақтауда өткен «Cyber Sana» цифрлық форумында айтылды. Жиында мамандар жеке деректерді қорғау, қаржы пирамидалары мен интернет-алаяқтықтан сақтану жолдарын түсіндірді.
«Saq Bol» - цифрлық қауіпсіздікке үйрететін интерактивті платформа. Қолданушы танымдық бейнероликтерді көріп, тест сұрақтарына жауап беру арқылы білімін жетілдіреді. Жасанды интеллект негізінде әзірленген жобаны өңірдің экономикалық тергеп-тексеру департаменті іске қоспақ.
Диас Қазбек, Маңғыстау облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаменті басқарма басшысының орынбасары:
Бұл интернет флатформаның бір жақсы нәрсесі бұл бір мезетте бүткіл Қазақстанды соның ішінде Маңғыстау аумағын оқытуды және тестілеуді қамти алатын флатформа болып табылады. «Saq Bol» платформасы қолданысқа биыл беріледі.
Цифрлық қауіпсіздік тек технологияға байланысты емес. Мамандардың айтуынша, адамның сенгіштігі мен ақпаратты тексермей қабылдауы да алаяқтарға мүмкіндік береді. Сондықтан қауіпсіздік дағдысын қалыптастыру отбасындағы қарым-қатынастан басталуы керек.
Шолпан Түсіпбекова, қаржы сарапшысы:
Интернеттегі қауіпсіздік отбасының берекесінен басталады. Отбасының әңгімесінен басталады. Ата-анадан қорықпаған бала өзінің ойын айта алады. Біреудің ықпал етіп жатқанын ата-анасына келіп, көмек сұрай алатын отбасыда ғана қауіпсіздік болады деп есептеймін қаржылай.
Форумда интернет-алаяқтықтың кең тараған түрлері, банктік операциялардың қауіпсіздігі, жалған инвестициялық жобалар мен қаржы пирамидаларының белгілері талқыланды. Шара Заң мен тәртіп қағидатын ілгерілету және тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында өтті.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы