Ауа сапасын смартфоннан бақылауға болады
Өскемен тұрғындары енді ауаның сапасын смартфоннан бақылай алады. Өнеркәсіп орындары көп шоғырланған қалада экология мәселесі көп жылдан бері көтеріліп келеді. Қыс түсе тіпті шаһар қою түтіннің астында қалады. Ол аз десеңіз маскалық режим орнайды. Бұған дейін ауаның сапасы туралы статистикалық мәліметтер тек жауапты мекемелерде болған. Енді халыққа да қолжетімді.
Ауаның қолайсыздығы үйден шыққаннан ақ белгілі. Бас ауырып, тамақ қарылып, қаланың өзі көрінбей жатады. Қазіргі таңда осындай қосымшаның шыққаны бізге жақсы болды. Үйден шықпай ақ ауаны болжап отыра аламыз.
Қолқаны қапқан қою түтін көпке зиян. Тіпті кейде көшеге шыққан тұрғындардың қан қысымы жоғарылап жатады. Енді экологиялық жағдайды ұялы телефоннан бақылауға мүмкіндік бар. Жаңа қосымша қаланың кез келген нүктесіндегі ауа сапасын анықтап, зиянды заттардың мөлшерін көрсетеді.
Шұғыла Мұратбекқызы, Өскемен тұрғыны:
Осы қосымшаны өзіме жүктеп алдым. Өте ыңғайлы қолдануға. Өскеменде аяқ асты газ болып, қаланың іші көрінбей кететін жағдайлар болады. Қосымшаның пайдасы бізге көп тиіп жатыр.
Жаңа бақылау желісін облыс әкімдігі былтыр сатып алған. Құны 500 миллион теңге. Қосымшаға деректерді ресми енгізу үшін жыл бойы өлшеу құралдары метрологиялық тексеруден өтті. Қазір қаладағы 25 бекеттің ақпараты автоматты түрде бағдарламаға түсіп отырады.
Ерсін Қожанжаров, облыстық цифрландыру және архивтер басқармасының цифрландыруды дамыту бөлімінің бас маманы:
Бағдарламалық ақпараттық кешендер олар 24/7 режимінде ақпараттарды бөлісіп отырады. Бұл ақпараттар қазіргі таңда Қазгидромет жүйесіне біріктірілген. Яғни AIR.KZ және Қазгидромет сайтында халыққа қолжетімді.
Қаладағы ауаға таралатын зиянды заттардың жылдық көлемі 158 мың тоннадан асады. Оның 56 пайызы автокөлікке, 34 пайызы өнеркәсіп орындарына, ал 8,9 пайызы пеш жағатын үйлерге тиесілі.
Гүлжас Қашқанова, «Қазгидромет» РМК ШҚО филиалының зертхана маманы:
Ауа сапасын біз 22 көрсеткіш бойынша анықтаймыз. Оның ішінде сегіз көрсеткіш автоматты бақылау бекеттерінде, ал қалғаны стационарлық бақылау бекеттерінде сынама жүргізіледі.
Бекарыс Секен, тілші:
Суық түскелі түтін мен газдың иісі тұрғындардың тынысын тарылтқан. Өйткені Өскеменде жел аз соғады. Оның үстіне өнеркәсіп, автокөлік, жер үйлерден шығатын түтіндер ауада тәулік бойы сақталады. Соңғы он жылдың тоғызында шаһардағы ауаның ластануы «жоғары» деп бағаланған.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы