Жүргізушілердің дені газ қондырғысын пайдалану талабын ескермейді
Елімізде көліктегі газ қондырғысының жарылуы азаймай тұр. Өкініштісі, мұндай оқиғалардың кейбірі қайғылы жағдаймен аяқталып жатады. Мамандардың айтуынша, оған жүргізушілердің жауапсыздығы және қауіпсіздік талаптарына салғырт қарауы себеп. Көлікке газ қондырғысын орнатарда нені ескеру керек және оны дұрыс қолдану жолдары қандай? Жақсыбек Кемал зерттеп көрді.
Жақсыбек Кемал, тілші:
Бұл көлікке арналған газ баллондары. Талап бойынша әрқайсысы он жылдан артық қолданылмауы керек. Дегенмен, мамандардың айтуынша, жүргізушілер арасында 20-25 жылдап ауыстырмай жүретіндері бар. Соның кесірінен оқыс оқиғалар болып жатады.
Бұл жуырда ғана Ақтау қаласында болған жағдай. Көп қабатты үйдің ауласында тұрған жеңіл көлік кенеттен жарылған. Мына бейнекөріністен газ баллонының ондаған метрге ұшып кеткенін көруге болады. Оқиғадан сол аумақта тұратындар түгел шошып қалған. Көлік жүргізушілері газ қондырғысын үнемді болғаны үшін орнатады. Бұл әсіресе, Айбек секілді такси қызметімен айналысатындар үшін тиімді.
Айбек Әлімжанов, такси жүргізушісі:
Халықтың қауіпсіздігі бірінші орында. Техника болғасын бұзылады, міндетті түрде қаратып тұру керек. Газ орнатамыз, халық таситын болғасын, тиімді болғасын, баға жағы.
Газ қондырғысын орнатқан кез келген адам оның сапасына көңіл аударуы қажет. Ернұр Тұраровтың бұл қызметпен айналысқанына сегіз жылдан асқан. Осы уақытқа дейін мыңға жуық көлікті жабдықтаған. Тәжірибелі маманның айтуынша, жүргізушілер арзанға қызығамын,- деп опық жеп жатады. Тіпті, көлігін жылдап тексеріске әкелмейтіндер бар.
Ернұр Тұраров, көлік жөндеу орталығының маманы:
Әр автокөліктің сәйкесінше өзіне арналған жабдықтар болуына мән беру керек. Газ баллонына зауыттан берілетін ұсыныс оның 80 пайызын ғана толтыру керек. Оны бізде білмейтін адамдар көбіне поблевогін кесіп тастайды немесе басқаша өздігінше жұмыс істеу уақытын өзгертеді. Жарылысқа бірден бір себеп сол.
Ақтөбе облысының өзінде 65 мыңға жуық көлік газбен жүреді. Қондырғыны арнайы тіркеуден өткізбей қолданып жүргендер көп. Полиция департаментінің қызметкерлері мұндай көліктерді айып тұрағына қоюға құқылы. Ал жүргізушілері 65 мың теңге шамасында айыппұл төлейді.
Қайырғали Әжіғұлов, жол-техникалық инспекциясының инспекторы:
Рейдтік шаралар өткізіледі. Егер көлік құралы қайта жабдықтаудан өтпеген жағдайда полиция қызметкерлері тиісті шара қабылданып, қай жағдайда қайда бару керек екені айтылып, тиісті шара жүргізіледі. Осы жыл басынан бері 2500 жуық көлік құралы жауапкершілікке тартылған.
Көліктердегіден бөлек тұрмыстық газ баллондарының да жарылуы жиілеп кетті. Бұл күні кеше бау-бақша ұжымында болған өрт. Құтқарушылар екі газ баллонын дер кезінде тысқа шығарып, жарылыстың алдын алды. Дегенмен, төтенше жағдайлардың барлығы бірдей бұлай сәтті аяқтала бермейді. Жыл басынан бері облыста тұрмыстық газ баллондарына қатысты 7 оқиға тіркеліп, 10 тұрғын жарақат алды. 1адам қаза тапқан. Отпен ойнауға болмайды. Мамандар қауіпсіздік талаптарын сақтау қажет екенін қатаң ескертеді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы