Басты Жаңалықтар 35 жыл: Қазақ спортының жеңісті жолы

35 жыл: Қазақ спортының жеңісті жолы

35 жыл – тарих үшін қас-қағым сәт. Ал, қазақ спорты үшін бұл талай тарихи жеңіс пен толайым табысқа толы тұтас бір дәуір. Осы уақыт ішінде тәуелсіз Қазақстан спортшылары 17 Олимпиадаға қатысып, 87 медаль жеңіп алды. Құрлықтық додаларда да ел намысын абыроймен қорғап, Азияның алдыңғы қатарынан көрініп келеді. Көк байрағымыз биікте желбіреп, Әнұранымыз әлемге әуелеген жарқын сәттерге әріптесім Асылбек Данияр шолу жасайды.

Бәрі 1994 жылы Лиллехамерде басталды. Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Қысқы Олимпиадасында Владимир Смирнов алтын алып, тарихтың ақ парағын жеңіспен ашты. 2026 жыл. Милан. Араға 32 жыл салып Италия төрінде Қазақстан Әнұраны қайта шырқалды. Жасындай жарқыраған Денис Теннің ізбасары Михаил Шайдоров чемпион атанды. Мұз үстіндегі мұзбалақтың жеңісі, талай жылғы сағыныштың орнын жапқандай болды.

Элизабет Тұрсынбаеваның еңбегінде айтпасқа болмас. 7 жыл бұрын жаһан біріншілігінде төрттік секіруді сәтті орындап, бұл элементті бағындырған әлемдегі тұңғыш әйел спортшы атанды.

Жазғы Олимпиадада да жеңіс эстафетасы үзілген емес. Василий Жиров, Александр Парыгин, Юрий Мельниченко бастаған чемпиондар көшін Бекзат Саттарханов, Ермахан Ибраимов, Бахтияр Артаев, Бақыт Сәрсекбаев, Серік Сәпиев пен Данияр Елеусінов жалғады. Алла Важенина, Ольга Шишигина, Ольга Рыпакова, Александр Винокуров, Дмитрий Баландин және Елдос Сметов есімдері де Олимпиада тарихына алтын әріппен жазылды.

Саңлақтарымыздың құрлықтық додадағы жетістіктері де жетерлік. Азия аренасында Қазақстанның алар орны айрықша. 1994 жылдан бері спортшылар Азиададан олжасыз оралған емес. Шорт-трек пен фристайл-акробатикадағы тарихи алтындар, семсерлесудегі әлемдік және құрлықтық жеңістер, Алексей Луценконың алты дүркін Азиада чемпионы атануы осының айғағы. Академиялық ескек есу, ММА, таеквондо мен әйелдер велоспортындағы алғашқы алтындар да жеңіс шежіресін толықтырды.

Бұл көштен параспортшылар да қалыс қалған жоқ. Александр Колядин мен Ербол Хамитов қысқы Паралимпиадада чемпион атанса, жазғы спортта Зульфия Габидуллина елге алғашқы алтынды сыйлады. Давид Дегтярев екі дүркін чемпион атанып, Ақмарал Науатбек пара дзюдодан қазақтан шыққан тарихи алтынды еншіледі. Еркін Ғаббасов та пара нысана көздеуден алғашқы жүлдесін қанжығасына байлады. Биылғы сары құрлық додасында топ жарып, 2028 жылы АҚШ-та өтетін Паралимпиаданың алғашқы лиценциясын жеңіп алды.

Қазақ теннисі төрге шықты. Елена Рыбакинаның 2022-де Уимблдонда топ жарып, Қазақстанға Үлкен дулыға турнирінің алғашқы титулын сыйлады. Бұл жеңісін Аустралия және АҚШ ашық чемпионатында қайталады. Қазір Елена - әлемнің және еліміздің бірінші ракеткасы. Сонымен бірге, еркін күрестен Ризабек Айтмұхан тұңғыш әлем чемпионы, грек-рим күресінен Айдос Сұлтанғали араға 26 жыл салып ел қоржынына алтын салды. Конькиші Кристина Шумекова мен татами шебері Фатима Сұпығалиева жас буынның даңғыл жолын ашты.

Ұлттық спорт та шекарадан асып, әлемге танылды. Көшпенділер ойындарындағы жеңістер қазақтың төл мұрасының өміршеңдігін дәлелдеді.

Мұның бәрі – бір сәттік жеңістің емес, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан еңбектің жемісі. Келер жылы Қазақстан шорт-трек, бокс,үстел теннисі, дзюдо, таеквондо мен киберспорттан әлем чемпионатын қабылдайды. Бұдан бөлек, Алматыда алғаш рет мәнерлеп сырғанаудан төрт құрлық чемпионаты өтеді. Демек, жеңіс шежіресі жазылып біткен жоқ. Көк байрақ әлі талай биікте желбіреп, Әнұран әлі талай мәрте шырқалатынына сенім мол.

Бөлісу